
Күні кеше Димаш Құдайбергенов Қытайда өткен байқауда екінші орын алды. Десе де, көпшілік оның бірінші орынға лайық екенін айтып жатыр. Мұны әншінің әкесі де меңзеді.
«Көрерменнің ықыласы ерекше! Олардың бағасы 1 орын!» – деп жазады Қанат Айтбаев өзі бөліскен видеоның тұсына.
Әке сөзін Димаштың қазақстандық жанкүйерлері де қоштай түсті. Бірауыздан отандасымыздың бірінші орынға лайық екенін айтты. «Тарихта қалар дара тұлға әлемді мойындатты. Қазақша амандасып, қазақша сөйлеп, қазақ тілі мен қазақ елін аспан асты еліне паш етті. Нағыз қазақ! Ұлтжанды! Өз елінің патриоты!», «Мақтанышымыз аман болсын! Жас болса да, өнерімен алға озып шықты. Финалдан көрінді. Жеңісіміз құтты болсын!», «Димаш бірінші орынға лайық. Ұялғандарынан екінші орынды беріп отыр ғой», «Димаш, жарайсың! Тіл-көзден сақтасын! Аман жүр» деп жазады желідегілер.
Естеріңізге сала кетсек, Димаш Құдайбергенов 15 сәуір күні өткен байқауда екінші орын алды. Ол финалда әйгілі Майкл Джексонның The Way You Make Me Feel, Dangerous, Billie Jean, Earth song атты әндерін орындады.