
Астанада жаз келісімен көшелерді қопарып, жолды жөндеу үйреншікті көрініс. Қынжылтатыны, жаз шыққанда барар жеріңе тез жете алмай, дымың құриды. Міне, биыл да сол жағдай қайталануда. Астана әкімдігі 14 мамырдан 5 маусымға дейін Өзбекәлі Жәнібек көшесінен Айнакөл мен Рақымжан Қошқарбаев көшесіне дейінгі тас жолдың бөлігі жөндеуге жабылатынын хабарлады. Ендеше бұл көшелерде көлік қозғалысы тоқтатылады деген сөз.
12-25 мамыр аралығында Әлихан Бөкейхан көшесінің Кенесары көшесінен Ағыбай батыр көшесіне дейінгі бөлігінде де көлікпен жүре алмайсың. 12-25 мамырда Кравцов көшесінің Шоқан Уәлиханов көшесінен бастап Балқаш көшесіне дейінгі бөлігі де жөнделеді. Осындай шектеу 12-30 мамыр аралығында Қабанбай батыр, Бауыржан Момышұлы, Республика, Мәлік Ғабдуллин көшесінде де болмақ.
Жолды жөндеген жөн шығар-ау. Бірақ осы жолды келер жылы тағы қопарып, жөндейтінін түсінбеймін. 4-5 жылға жететіндей етіп неге жөндемейміз?!. Тағы бір қынжылтатыны, тас жолдағы елордалық жол полицейінің тым дөрекілігі көзге ұрып-ақ тұрады. Қолына ала таяқ ұстаған кейбір шіркіндер автокөлік жүргізушісіне айқайлап, асқан жабайылықтың үлгісін көрсетіп жатады. Бәлкім, айқайға салмасаң, жүгенсіз жүргізуге де сөзің өтпейтін шығар… Алайда мәдениетті, әдептілікті әрбірден соң, елордалық қызметші бірінші болып ұстануы қажет емес пе?!.
Төлен Тілеубай
Астана