
Өткен жыл бүкіл әлем үшін ауыр болды. Оны тәптіштеудің қажеті шамалы. Карантин кезіндегі қатаң шектеу әркімге әрқалай әсер етті. Біреулер күйзеліске түссе, енді біреулер барынша бейімделуге тырысты. Бұл індеттің салқыны жастарға да оңай соқпағаны анық. Олар карантин кезінде немен айналысты? Жастар бос уақытын қалай өткізді? Қоғамның осы бір белсенді тобы назардан тыс қалып қойған жоқ па? Сөз кезегін жастарға берейік.


Куаныш Пернебек
Жасым он алтыда. Колледждің 2-курс студентімін. Карантин кезінде ауылда болдым. Мал бағып, атам мен әжеме көмектестім. Грантпен оқып, шәкіртақы алғандықтан, онлайн сабаққа қатысып отырдым. Алайда интернеттің нашарлығынан сабақты бас алмай оқуға тура келді. Қашықтан оқу маған күйзеліс әкелді, басым жиі ауыратын болды. Жер үйде тұрамыз. Мал бағамыз. Уақытша шопан болып қой бақтым. Карантин кезінде мал баққаным да жақсы болды. Үлкен қалада тұратындар пәтерінен аттап шыға алмай қалды ғой. Ал ауылдағы біз үшін оқшауланы жеңіл өтті деуге болады.

Ләззат Төлеухан
Мен биыл жиырма жасқа келдім. Алматыдағы шет тілдер және іскерлік карьера университетінің 2-курс студентімін. Мамандығым – аударма ісі. Карантинге байланысты сабағымыз қашықтан өтіп жатыр. Пандемияның алғашқы кезінде ата-анамның, яғни отбасымның жанында болдым. Кейін жаздық демалыс басталған соң құр жатпайын деп, жұмысқа тұрдым. Ақылы бөлімде оқитындықтан, жұмыс істеуіме тура келді. Жер-жерде жұмысшыларды жаппай қысқарту болғандықтан, өз мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым, практикадан да өте алмадым. Сондықтан қоғамдық тамақтану орталығында есепші қызметін атқардым. Сабақ онлайн режимде өтті, шамам келгенше қатысып отырдым. Дегенмен сабаққа кірмей қалатын күндерім де жоқ емес. Бір жақсысы, мұғалімдерім түсіністікпен қарады. Осындай ауыр кезеңді елмен бірге жеңеміз деп үміттемін! Ең бастысы, сақтық шараларын ұстаныңыздар!

Нұрай Алмахамбет
Нархоз университетін карантиннің бірінші толқынында тәмамдадым. Мамандығым – қаржыгер. Індет кезінде диплом жұмысын жазып, 92 балл алдым. Алайда бұл маған оңайшылықпен келген жоқ. Диплом қорғау барысында біршама техникалық ақаулық кездесті. 4 жыл бойы күткен диплом табыстау шарасы да әдеттегідей өтпеді. Шектеу талабына дейін мамандығым бойынша жұмыс істейтінмін. Екі күн жұмыста, екі күн үйде болдым. Басқаларға қарағанда, менің жұмысым тоқтаған жоқ. Сол себепті бұл кезең маған онша сезілмеді. Әрі ақшадан таршылық көрген жоқпын. Демалыс күндері өзімді дамыту бойынша түрлі онлайн курстарға қатыстым. Бәріміз білетіндей, жеткізу қызметі жақсы дамығандықтан, өзімнің қызығушылығыммен тапсырысқа тамақ пісіріп, біраз ақша жинадым. Оны аз десеңіз, жұрт індеттен қорқып жүргенде, мен Дубайға барып саяхаттап қайттым. Бір қызығы, ол жақта індеттен сақтану тәртібі бізден қатаң көрінді. Жалпы 2020 жыл мен үшін жаңа мүмкіндіктің бастауы болды.

Әсел Рақымбай
Шанхай университетінің магистрі, халықаралық қатынастар маманымын. Елге қысқы демалысқа келгенім сол еді, бір аптадан кейін Қытай шекарасын жапты. Өкінішке қарай, барлық заттарым сол елде қалып қойды. Бес ай бойы қашықтан оқып, дипломымды пошта арқылы алдым. Кенеттен келген індет мінезімді қатты өзгертті. Күнде үйдегілермен жиі ұрысып, келіспей қалатын кездеріміз көбейді. Ал қазір жұмысқа тұрып, жаңа ортамен таныстым. Төтенше жағдай шарасы жеңілдетілгеннен кейін, жиі тауға шығуды әдетке айналдырдым. Өзімді күйзелістен осылай жеңіп шықтым десем де болады.
Сауалнама жүргізгендер:
Бақытжан Аманболқызы, Тоғжан Әбдеш,
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар
және әлем тілдері университетінің студенттері