
«Жер туралы заңды 1994 жылы жаздық. Егемендік алғаннан кейін жеріміз өзімізде болған соң, Заң керек болды. Мен осы заңның авторларының бірімін. Сол кезде алдыңғы қатарлы елдер, мысалы, Испания, Канада, Жапония, Скандинавия мемлекеттерінің заңдарымен танысып, зерделедік. Шетелдік тәжірибені өзіміздің ерекшеліктерімізге бейімдеп, заңды әзірледік. Қазір бұл заң жұмыс істеп жатыр. 2010, 2012, 2015 жылдары аздаған өзгерістер енгізілді.
Заң бойынша жерді әр қазақтың сатып алуына құқығы бар. Заңның 300-ге жуық бабы бар. Қандай адамның сатып алуға құқығы бар, кім жалға алады, қанша жылға, жерді қалай пайдалануы керек? Осының бәрі әр бапта жазылған. Мен бидайдың 125 сұрпын шығардым. Бұл сұрыптар Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Пәкістан, Ресей, Украинада себіледі. Өзбектер менің сұрыптарымнан орта есеппен 53 центнер өнім алады. Ал біз 13 центнер ғана аламыз. Күздік бидайдан 2,5-3 тонна жинаймыз. Ал біздің бидайымыздың өнімділігін 8-10 тоннаға жеткізуге болады. Мен қазір бір шаруашылықта кеңесшімін. Бұрын бұл шаруашылық орташа есеппен дәнді дақылдан 8 центнер ғана алады екен. Қазір бұл көрсеткішті әр гектардан 60 центнерге жеткіздік. Кейбір суармалы жерде әрбір гектардан 8,5 мың тонна бидай жинап жүр. Мінеки, бүкіл ел бойынша осындай нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Яғни біз жерді күтпейміз, сөйтіп, оның өнімділігін де тиісінше пайдалана алмай отырмыз. Жерді дұрыс пайдалану керек. Бізге жерді сүйетін, жерге қаржы салатын, жігері бар адамдар қажет. Қазақстанның әр азаматының жерді сатып алуға, болмаса жалға алуға құқығы бар. Мысалы, 49 жылға жалға алып, сол жерді өңдеп, баптап, сонда жұмыс істеп, осы уақыттың ішінде ақша жинап, оны сатып алуға толық мүмкіндік бар. Сол жерді меншігіне алып, ұрпағына қалдырады. Сатып аламын деген біздің азаматтарымызға 50% жеңілдік жасалмақшы. Жердің иесі болса, ақша салады. Химиялық емес, органикалық тыңайтқыш пайдаланады, ешқандай гербицид сеппейді. Ең бірінші, топырақтың құнарын, қара шірігін көздің қарашығындай сақтау қажет. Сонда өніміміз де, жеріміз де жақсы болады. Егісіміз бітік, шөбіміз шүйгін болады. Жалпы, бұл реформа, бір емес бірнеше мәселені шешеді. Әлгі жұмыс іздеп қалаға қашып кеткен балалар далаға қайтады. Ауылда жұмыс орындары ашылады. Жеріміз құлпырып, өнім береді. Бұның бәрі айналып келгенде, елдің экономикасына жұмыс істейді.

Рахым Оразалиев,
академик, Жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі: