
Елбасы әкімдерге жер қорына сараптама жасап, басты жоспарға өзгеріс енгізуді тапсырды. Н.Назарбаев бұл туралы үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді.
Президент «Қала маңайында жер жоқ. Жерді кім көрінген қарпып алған. Ал әкімдер бұл жерді бере алмайды. Алматы, Астана, Шымкент сияқты ірі қалалардың маңында сұраныс көп. Сондықтан ол жерді әкімдер заң арқылы қайтаруына мүмкіндік беру керек. Егер жер заңды түрде қолданылмаса, прокуратураның қатысуымен қайтарылсын. Олай болмаса, кадастрлық құны бойынша сатып алу керек» – деді
Мемлекет басшысы пайдаланылмай отырған жерді қайтару қажеттігіне айрықша тоқталды. Ол «Бәріне ескертілген. Жерді сатып алғанда ферма, тұрғын үй саламыз деген. Біраз уақыт өтті, ештеңе салынбады. Сондықтан уақыт созбай жерді мемлекетке қайтару керек. Сонда әкімнің де халыққа баспана салуы үшін жер беруіне мүмкіндігі болады» – деді.