
Алматыда банк есепшотынан 155 миллион теңге ұрлады деген күдікпен ұсталған хакерлер сотталып жатыр, деп хабарлайды қалалық соттың ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Дияс Махамбетов.
baq.kz хабарлағандай, сот отырысы Жетісу ауданының №2 сотында өтіп жатыр. Сот алдына екі күдікті келіп отыр: Александр Митин мен Руслан Хусаинов. Олар ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 4-бөлігі бойынша («Ұрлық», ақпараттық жүйеге заңсыз кіру не телекоммуникациялар желісі бойынша берілетін ақпаратты өзгерту жолымен жасалған ұрлық) күдікті деп танылды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, сотталушылар 2015 жылдың сәуір айында интернет-банкинг пен арнайы электрондық бағдарламаларды қолдану арқылы жеке компаниядағы банк есепшотының паролін бұзып, 155 миллион теңге ұрлаған», — деді Дияс Махамбетов.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Митин мен Хусаинов қамауға алынды. Сот отырысы 4 қаңтарға белгіленді.
Сондай-ақ, осы қылмыстық іспен қатар сотта тағы бір киберқылмысқа қатысты іс қаралып жатыр. Тергеу мәліметінше, сотталушылар Бас прокуратураның, Салық комитетінің және Қаржы министрлігінің атынан вирус таратқан.
Ескерту!
Baq.kz сайтында жарияланған авторлық материалдардың барлық құқықтары қорғалған және ақпарат агенттігінің меншігі болып табылады. Көшіріп басу редакцияның рұқсатымен жүзеге асады. Материалды көшіріп басу кезінде Baq.kz сайтына төте сілтеме көрсету талап етіледі.