Хабарласпа! (Видео)

18 маусым, 16:16

Жат ағымның жетегінде кеткен жігіттің жан күйзелісі

Деструктивті діни ағымдардың атауы әр түрлі болғанымен, көздейтін мақсаты бір. Адамды қоғамнан бөліп, Отанынан айыру, отбасынан ажырату. Мамандардың айтуынша, психологияны жақсы меңгергендіктен олар осал тұсыңды тап басады. Тамшының тасты тескеніндей, санаға сыналап енген үгіт-насихаты текке кетпейді. Әсіресе, оң-солын танымаған жастардың деструктивті діни ағымның жетегіне ілесуі оңай. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі дайындаған «Хабарласпа!» бейнеролигі ел аман, жұрт тынышта адасқан жастың жан күйзелісін ашып көрсетеді.

Бес жылға бас бостандығынан айрылған жігіт небәрі 17 жаста. 11 сыныпты бітірген. Қапаста отырып ата-анасына ауыртпалық салғаны үшін көкірегі қарс айрылады. Отбасында жалғыз бала екен. Терроризмді насихаттап, дінаралық алауыздық тудырғаны үшін сотталған. Тұзаққа қалай түскен? Сөзіне құлақ түрейік.

«Менде мынадай оқиға болды. Бір күні бір бейтаныс әйел маған танысу мақсатында хат жазды. Өзінің намазхан екенін айтты. Ол маған ағасымен кездесуім керек екенін жиі айтатын. Сөйтіп ағасымен кездестім. Басында оның кім екенін білген жоқпын. Ол мені кафеге апарып, сол жерде Телеграм-каналдағы видеолардың сілтемесін жіберіп, қарап көруімді өтінді. Сөйтіп жүргенде желідегі бір топқа тап болдым. Топтың ішіндегі адамдармен араласа бастадым. Топтағы адамдар маған күнделікті үгіт-насихатын жүргізді. Олармен араласып жүрдім. Топта Қазақстаннан бөлек, шетел азаматтары болды. Олар өздерінің идеологиясын жүргізе бастады. Әр түрлі видеоларды тыңдатты. Шындығында, мен ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмедім. Олар жіберген видеоларды өз әлеуметтік желімде тараттым. Барлығы осылай басталды, күнделікті насихат жүргізеді. Сөйтсем, олар ештеңе білмейтін жасөспірімдерге әдейі насихат жүргізеді екен. Олардың мені таңдауы да сол, мен әлі піспегем, ойлау қабілетім де дамымаған. Дін саласында білімім жоқ. Өз-өзімді таба алмай жүрген кезең еді. Ненің дұрыс екенін, ненің бұрыс екенін білмей жүрген кезде осыларға тап болдым. Олар маған «намаз оқымайтындар кәпірлер, олармен араласуға болмайды» дегенді жиі айтатын. Мен олармен тәулік бойы әлеуметтік желіде байланыста болдым. Олардың арасында шетелдік азаматтар да отыратын. Мен өзім туралы барлығын айтатынмын. Мен оларды дұрыс адамдар, тіпті жақын достарым деп санадым. Олар маған жақсылық ойлайтындар деп ойладым. Өзім адасып жүргенде мен оларға дейінгі өмірімді, олардан кейінгі өмірімді салыстырып, ойлана бастадым. Менің өмірім тек ақ пен қараға айналды. Басқа түстер өмірімнен жоғалып кетті десем де болады. Насихат жүргізетін адамдар опсихологтар сияқты адамды сендіре алады. Оған дейін мен достарыммен жақсы қарым-қатынаста едім. Олардың насихатының қатты болғаны соншалық, мен достарымнан, тіпті сөйлесіп жүрген қызымнан айрылдым. Жалғыз өзім қалып қойдым. Егер мен мұның салдарын ертерек білсем, ата-анамды сары уайымға салдырмас едім. Осындай қиын жағдайға тап болатынымды білгенде өзімнің жастық шағыма балта шаппас едім. Бұнымен өмір тоқтап қалмайды. Әлі де шыққаннан кейін ата-анамды қуантқым келеді. Мен оларды күттіріп қойғаныма қатты өкінемін».

Діни теріс ағымның үгіт-насихатына сенген жігіттің осы айтқаны басқаларға сабақ болсын. Күмәнді біреулер байланысқа шықса, олармен байланыспау керек.

JQ-Aqparat

Алматы қаласында Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен жарық көрді
Видео: ҰҚК баспасөз қызметі

15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды
04 шiлде, 16:10
Түркістан: Мақсат – қылмыстың алдын алу