jasqazaq.kz

Ерлікке-тағзым, ұрпаққа — үлгі

16 қазан 2025, 20:57

Әкем жарықтық, өле-өлгенше соғыстың қасіретін, адамзатқа салған ауыр жарасын айтып өтті. Қан кешкен қаһарлы күндерін еске алып, бүгінгі бейбіт заманға шүкіршілік қылып отыратын. «Ондай қасіретті адам баласының басына бермесін. Соғыстың беті аулақ, сендер аман-есен болыңдар, айналайындар» деп сәт сайын Алладан ұрпағының амандығын тілеуші еді.
Әкем Науат Усіпбаев 1941 жылы соғыс өрті бұрқ ете қалған кезде әскер қатарына алынған екен. Біздің Көктерек ауылында сол жылдары жетпіс шақты түтін болса, соның ішінде екі-үшеуінен ғана басқа отбасылардың бәрінен кем дегенде бір-екі азаматтан соғысқа аттаныпты. Майданға інісі Ынтымақ екеуі бірге кеткен екен.
Қанды соғысты Сталинград шайқасынан бастайды. «Алғашқы кезде немістер қаланы түгел жауып тастады. Сталинградты қоршап алып, жергілікті халықты, оны қорғап тұрған әскерді аштықтан қырмақшы болды. «Адам ит-жанды» деген рас екен, шығын көп болса да, әскер де, халық та аяғына дейін шыдады. Әлі есімде…Қаланың шет жағына егіп, жердің астында қалып қойған картопты қыстың күндері түнделетіп барып қазып алып келіп, жан бақтық», деп отырушы еді.


«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген. Әкеміз осы қантөгістен аман шығып, Берлинге дейін барды. Украина, Польша, Чехословакия елдерін азат етіп, неміс-фашистерінің небір жан түршігерлік жауыздықтардың куәсі болғанын көзіне жас алып, әңгіме қып отыратын.
Әкеміз соғыста артиллерист болған еді. Кей кездері бізге зеңбіректі қалай оқтап, қалай оқ ататынын, қандай бөлшектері бар екенін айтып, оны қолмен көрсетіп, әңгімеге ынты-шынтысымен кірісіп кетуші еді.
Соғыстан аман-есен келіп, кеңшар басшысының орынбасары болып, ұзақ жылдар еңбек етті. Мақтаарал ауданында канал салу жұмыстарына елді ұйымдастырып апарып, өзі де белсеніп атсалысып, өңірдің өрлеуіне үлкен үлес қосты.
Ал інісі Ынтымақ 1943 жылға дейін взвод командирі болып, сол жылы ауыр жарақат алып, елге оралды. Елу жылға жуық білім саласында жемісті еңбек етіп, 90 жасқа қараған шағында қайтыс болды.
Әкем Науаттың жамбасы жерге 1980 жылы тиді. Бүгінде төрт ұлынан тараған ұрпақтары бір қауым ел болып, көктеп көгеріп отыр.

Әкем айтпақшы, біз де өткенді еске алып, бүгінгі бейбіт күнге мың мәртебе шүкіршілік дейміз. Ерлікке тағзым етіп, оны үнемі ұрпаққа үлгі қылып отыру — біздің парызымыз. Лайым, тәуелсіз еліміздің әрбір таңы жарқырап, тыныштықпен ата берсін.

Оразтай Науатұлы,
еңбек ардагері,
Түркістан облысы,
Түлкібас ауданы.

Бүгін, 13:53
Нурлыбек Налибаев в ходе рабочей поездки в Туркестанскую область обсудил вопросы развития экотуризма
Бүгін, 13:51
Туркестанская область: восемь лет масштабного развития социальной инфраструктуры
Бүгін, 13:49
Туркестан: инвестиции, индустриализация и новые точки роста
18 маусым, 15:26
Нуралхан Кошеров провел переговоры о строительстве горного курортного города в Каскасу
18 маусым, 14:39
Главная цель образовательной системы - повышать реальные знания
18 маусым, 14:12
В Жетысайском районе подвели итоги учебного года и наградили лучших педагогов
18 маусым, 14:10
В Туркестанской области строятся заводы по производству бумаги и хлопковой продукции
18 маусым, 14:05
В Туркестанской области планируется ввести в эксплуатацию 58 социальных объектов
17 маусым, 18:15
«Күніне 13-14 сағат телефонға телмірдім". Балалар номофобия шырмауында