
«Ерекше күтімді қажет ететін жандарға жан-жақты қолдау көрсету аса маңызды. Оларға кедергісіз орта қалыптастыру қажет. Бұл жұмыс мүмкіндігі шектеулі жандар ғана емес, қарт кісілер және балалар үшін де өте маңызды. Сондықтан әкімдік қаладағы әлеуметтік нысандардың бәрін осындай жандардың қажеттілігіне бейімдеуі керек»
(Президент Қасым-Жомарт Тоқаев)
Бүгінде еліміздің әр аймағында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді. Ірі қалалардан бөлек, облыс орталықтары мен шағын аудандарда да ерекше қамқорлықты қажет ететін жандарға жағдай жасалған. Астана қаласының өзінде 3000-нан астам адам әлеуметтік қызмет көрсету орталығының көмегіне жүгінеді. Елордада мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтуға арналған орталықтар аз емес. Соның бірі — Астана қаласының әкімдігіне қарасты «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы. Біз орталықтың арнайы әлеуметтік қызметтер жөніндегі директорының орынбасары Диана Кәменге хабарласып, әлеуметтік қызмет көрсетудің маңызы туралы әңгімелеп беруін өтіндік.
Jas Qazaq.kz: Диана Қасымқызы, алдымен «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы туралы айтып өтсеңіз. Орталық қашан ашылды? Сіздерден көмек алуға келетін мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай қызмет көрсетіледі?

Д.Кәмен: Біздің орталық 2016 жылдан бері жұмыс істейді. 2022 жылы «Жансая» орталығы болдық. Себебі қалалық әкімдіктен әлеуметтік қолдау бөлімі бөлініп шыққан болатын. Біздің орталыққа тірек-қимыл жүйесі бұзылған, психологиялық-неврологиялық ауытқуы бар балалар келеді. Олардың арасындағы 18 жастан асқандарына үйден әлеуметтік көмек көрсетіледі. Одан бөлек, төрт сағаттық жартылай стационар жағдайында реабилитациялық көмек беріледі. Үй жағдайында әлеуметтік қызметтің 8 түрі қарастырылған. Оны орталықтың әлеуметтік қызметкерлері жүзеге асырады. Кем дегенде әр әлеуметтік көмек алушыға аптасына екі рет, екі сағаттан көмек беріледі. Егер бір әлеуметтік қызметкерге стандарт бойынша 6 адамнан келетін болса, әр балаға апта сайын екі рет барады деген сөз.

Ал жартылай қызмет көрсету бойынша орталықтың базасына келеді. Ал үйге барып қызмет ететін әлеуметтік көмекшілер: әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, әлеуметтік-экономикалық, және құқықтық көмек көрсетеді. Бұл бір барған кезде осы қызметтің барлық түрін көрсетеді деген сөз емес, баланың мұқтаждығы мен мүмкіндігіне байланысты стандартты әлеуметтік қызметтің екі түрін үйретеді. Ал реабилитация бойынша айтатын болсақ, онда еңбек-дене тәрбиесі мамандары, массаж жасаушы, логопед, дефектолог, музыка терапевті, еңбек нұсқаушысы және психолог мамандар қызмет етеді. Әр маманның қызмет көрсететін өз регламенті бар. Сонымен бірге әлеуметтік ортаға бейімдеуге арналған кабинет бар. Онда балаларға тұрмыстық дағдыны үйретуге қажетті барлық құрал-жабдық бар. Мұнда еңбек нұсқаушысы жұмыс істейді.
Jas Qazaq.kz: Орталықта оңалту шараларынан бөлек, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қандай үйірмелер бар? Оларды шығармашылыққа бейімдеуге қандай жағдай жасалады?

Д.Кәмен: Әрине, бізге келетін емделушілердің шығармашылықпен айналысуына барынша көңіл бөлеміз. Өйткені олардың көңіл-күйі мен эмоциясы біз үшін маңызды. Біздің орталықта оңалту іс-шарасынан бөлек, балаларға арналған үйірмелер бар. Мысалы, би үйірмесі, вокал үйірмесі, арт- терапия. Келушілер аптасына екі рет осы үйірмелерге өз қалауынша қатыса алады.

Келушілерімізге арнап мәдени іс-шараларды жиі ұйымдастырамыз. Алдын ала бір жылға жоспар жасалып, соған сай келушілер түрлі мәдени әрі мерекелік кештерге қатысады. Аптасына бір мәдени шара – мысалы, кинотеатр, театр, аттракцион, цирк сынды мәдени әрі ойын-сауық орталықтарына барады. Біздің орталықта қаламыздың мәдени-іс шараларында өнер көрсететін «Искра» және «Жансая» атты екі би тобымыз бар. Сондай-ақ саз аспабы ансамбліміз бар. Қала бойынша ерекше балаларға арналған концерттер өтікізілсе, біздің өнерпаздарымыз міндетті түрде өнер көрсетеді.
Jas Qazaq.kz: «Жансая» әлеуметтік қызмет орталығы қанша адамға қызмет көрсетеді? Оларға әлеуметтік көмектің қай бағыттары ұсынылады?

Д.Кәмен: Біздің орталықта 560 бала тіркелген. Әр бөлімшеде 70 баладан. Бүгінде орталықта 7 бөлімше жұмыс істеп тұр. Наурыз айынан бастап 8 бөлімше іске қосылады. Алдағы уақытта 640 бала әлеуметтік қызмет алатын болады. Оның ішінде біздегі бес бөлімше ДЦП диагнозы бойынша, аутизм бойынша бір бөлімше, «Даун синдоромы» бойынша бір бөлімше қызмет көрсетеді. Әр бөлімде бір меңгеруші мен 15 әлеуметтік қызмет көрсетуші бар. Әлеуметтік қызметкерлердің мамандығы — педагогикалық, әлеуметтік сала мамандары мен психологтар. Біздің жетінші бөлімше психоневрологиялық ауытқулар бойынша 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі жандарға пилоттық жоба ретінде ашылған болатын. Қазір орталықта 18 жастан асқан 36 мүмкіндігі шектеулі жан бар.
Jas Qazaq.kz: «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қанша қызметкер жұмыс істейді? Олар оңалту шараларынан бөлек қандай қосымша қызмет түрлерін көрсетеді?

Д.Кәмен: Біздің орталықта штат бойынша 180 қызметкер бар. Оның 105-і — әлеуметтік қызметкерлер. Қалғаны реабилитациялық қызмет көрсететін мамандар мен әкімшілік корпус. Біздің орталықта негізгі қызмет көрсетуден бөлек, арнайы қызметтер де қарастырылған. Айта кетейін, келушілерге жыл сайын наурыз бен қараша айларында иппотерапия емі жасалады. Оларды аптасына бір рет қала сыртындағы ипподромға апарамыз. Емделушілерге арнайы автобус беріледі. Сондай-ақ орталық аптасына бір рет гидротерапия қызметін де ұсынады. Әр бөлім кезек-кезек бассейнге барып, гидортерапияға қатысады. Орталықтың міндеті — сапалы әлеуметтік қызмет көрсету, жұмыс тәжірибесіне әлеуметтік жұмыстың жаңа түрлерін, нысандары мен әдістерін енгізу, үйде және жартылай стационарда қызмет көрсету жағдайында инновациялық технологияларды қолдану. Өткен кезеңде қызмет алушыларды кешенді оңалту үшін дефектолог, логопед, ЕДШ, массаж, еңбек терапиясы, музыка терапиясы, психолог қызметтері ұйымдастырылды. Қызметтер балаға да, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған бүкіл отбасына да кешенді әсер ету арқылы мультикомандалық сипатқа ие. Орталықтың басты миссиясы — әрқашан адамдардың игілігі мен пайдасы үшін жұмыс істеу.
Jas Qazaq: Әлеуметтік көмек көрсету саласында тәжірибелі маман ретінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға әлі де болса не істеуіміз керек деп ойлайсыз?

Д.Кәмен: Әрине, бізге келген әр баланың тіпті ересек адамның болсын, сауығып, өмірге бейімделіп кетуін тілейміз. Ерекше жандарға әлеуметтік көмек көрсетілуі тиіс. Олар қоғамның назарынан тыс қалмауы керек. Еліміздің бұл саланы қолдауға арналған бағдарламаларын қолдаймын. Президентіміз де мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтуға, қолдауға барлық жағдай жасауға тапсырма берді. Инклюзивті білім беру, жұмысқа бейімдеу сынды жұмыстар да басты назарда. Осы ретте еліміздің мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған жобалары жемісті жүзеге асып жатқанын айту керек. Әлеуметтік сала қызметкері ретінде ерекше жандарға қолдау көрсетілу жаңа бір деңгейге көтеріліп, жан-жақты ем алуға жағдай жасала береді деген сенім бар.
Jas Qazaq: Әңгімеңізге рахмет!
Мақпал Ноғайбаева