Бүгін барша қазақстандықтар Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін тойлауда.

Наурыз мейрамы – қазақ халқының көшпелі тұрмысының қуанышты кездерін бейнелейтін ұлық мереке. Қыстан аман шыққан халық айналасынан сүйінші сұрап, ұлан-асыр той жасап қарсы алатын болған.
Жаңару, ынтымақтастық пен жылулықтың мерекесі атанған бұл күні барша қазақстандық бір-бірін жыл басымен құттықтап, түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырады.
Бұл – ренжіскен ағайын табысып, барлық жамандық ұмытылатын, жақсыға қарай бет бұратын күн. Игілікті істерге, бейбітшілікке, бірлікке, ізгілікке, қайырымдылыққа, тағы да басқа ізгі істерге шақыратын бұл мерекенің мәні зор.
Хабар арнасы хабарлағандай, қазіргі уақытта Наурыз мерекесі мемлекеттік деңгейде тойланып, әр елді мекенде, қалалар, аудан мен облыс орталықтарында мерекелік киіз үйлер тігіліп, ұлттық нақышта көңіл көтеру іс-шаралары ұйымдастырылуда.
Ұлтымыздың ұлылығын ұлықтаған, дәстүрімізді дәріптеп, ізгілік пен мейірімділікке, бейбітшілікке бастайтын Наурыз мерекесі баршаңызға құтты болсын!