
Қазақстандағы букмекерлердің өзін-өзі реттейтін ұйымы Дыши.kz жобасын қолға алды. Жобаның мақсаты – коронавирустан сақтану үшін барлық мұқтаж жандарға көп реттік бетперде сыйлау. Бұл туралы Қазақстандағы букмекерлердің өзін-өзін реттеу ұйымының атқарушы директоры Ғалымжан Дуамбеков айтып берді.
– Ғалымжан, букмекерлерге мұндай жобаның қажеті қанша?
– Коронавирустың алғашқы толқыны басталған кезде букмекерлік кеңселердің басшылары көптеген отбасыларға емделуге көмектескен болатын. Олар достарының, таныстардың, жақындары мен көршілердің ауырып жатқандарына бей-жай қарай алмады. Бірақ көп ұзамай мұндай көмектің тиімсіз екеніне көз жеткіздік. Өйткені біреуіне көмектесіп жатқанда, тағы он адам көмекке мұқтаж болады. Біз өз ортамызда тығыз қарым-қатынастамыз. Ал мұнда ортақ бір ғана мәселе бар, ол: коронавирус пен карантин. Ойлана келе, бүкіл күшіміз бен қаржымызды біріктіруіміз қажет деп шештік. Қауымдастық мүшелері бірлесіп, біраз қаржы жинадық.
– Неліктен бетперде тарату туралы шешім қабылдадыңыздар? Сіздердің ауруханаларға қажетті медициналық жабдықтарды сатып алуға шамаларыңыз жетеді емес пе?
– Әуелгіде жабдықтар, оттегі баллондарын сатып алып, ауруханаларға табыстау туралы ой болды. Бірақ оның бәрі тиімсіз болып шықты. Тар салалық жабдықтар ауырған адамдарға ғана көмектеседі. Мұнда да көптеген кедергілер болды. Оның үстіне бұл жабдықтардың барлығын Денсаулық сақтау министрлігі қатаң қадағалайтыны біз үшін жаңалық болды. Көп құжат қажет екен. Сондықтан біз қажетті құрал-жабдықты сатып алып, елге әкелсек те, онымен кеденде тұрып қалу қаупі бар еді. Қағаздарды алу, сертификаттау кезеңіндегі кідіріс… Жабдықты ауруханаларға табыстау кезінде көптеген қиындықтар туындауы мүмкін. Ол науқастарға қашан жетеді? Сондықтан біз қарапайым жолмен жүруді шештік. Аурудан қорғаудың ең қарапайым тәсілі – бетперде кию. Сөйтіп мұқтаж жандарды індеттен қорғайтын бетпердемен қамтамасыз етуді қолға алдық.
– Бүгінде бетперде тапшылығы жоқ. Сонымен қатар, Бәсекелестікті қорғау комитеті жақында маска өндірушілерімен және дәріханалармен келісім жасасты, бетперде енді 26 теңгеден сатылатын болады. Сіздерде қандай ерекшелік бар?
– Қандай бетперде жасау керек деп ұзақ ойландық. Бір реттік сатып алу керек пе, әлде көп реттік бетперде тігу керек пе? Бастапқыда бір реттік бетпердеге тоқталдық. Бірақ қаладағы кез келген аялдаманы қараңызшы, қолданылған бетперде қоқыстарда толып жатыр. Алматы 5 миллион масканы тұтынады. Олар табиғи емес материалдардан жасалған, сондықтан олар шірігенге дейін ұзақ жылдар өтеді. Бұл табиғатты ластау деген сөз. Қазір бәріміз тағып жүруіміз керек болғандықтан, олар полиэтилен пакеттерімен бірдей проблемаға айналды. Бетперде керек, бірақ оларды кейін жойып, қайта өндіруге тура келеді.
Баға жағы да түсініксіз. Арзандағаны рас. Бұл ұсақ нәрсе 20-30 теңге, ол негізі қымбат болып саналады. Үш қабатты ең жақсы бетперденің өзі бір күнге ғана жетеді. Ал бір реттігі екі сағатқа ғана. Содан кейін оны лақтыру керек. Сонда жұмыс істейтін адамға күніне кем дегенде бес маска қажет. Бесеу!
– Бір жұмыс күніне арналған жиынтық 130 теңге тұрады. Айына үш мың теңгеден астам.
– Біздің ойымызша, бұл тым көп. Әсіресе, қазір көптеген қазақстандықтар жұмыссыз қалып, ақысыз демалысқа кеткен кезде. Егер сіз мәселеге тереңірек үңілсеңіз, басқа деректер де анықталады. Біздің азаматтардың көпшілігі ай сайын бетпердеге 3000 теңге жұмсай алмайды. Сондықтан көпшілігі оңайырақ жолын іздейді. Олар бірнеше күн, тіпті бірнеше апта бойы бір бетпердені тағады. Өтіп бара жатқан адамдарға мұқият қараңызшы, ескі бетперде тағып алған. Қала тұрғындарының жартысы солай жасап жүр. Бастысы «бетперде тағып жүрміз» дейді. Негізінен бетперде дүкенге бару немесе автобусқа отыру үшін пайдаланылады. Өйткені қоғамдық орындарға онсыз кіргізбейді. Жағдайы нашар жандар ғана емес, тіпті ақшасы бар адамдар да солай жасайды. Бетпердені қалтаңа салсаң, кедергі келтіреді. Бір жерге қойсаң, ұмытып кетесің. Сондықтан әр жерге бірнешеуден салып қояды. Мұндай кезде, қорғаныш туралы қалай айта аламыз? Бұл бетперделер өте қауіпті. Өйткені бізге ешкім жеке қорғаныс құралдарын қалай қолдануды үйретпейді.
– Демек, сол себепті табиғи материалдардан көп реттік маска жасауды ұйғардыңыз ба?
– Біздің тапсырысымыз бойынша дизайны жасалды. Ең алдымен бетперде тағуға ыңғайлы және жайлы болуы керек. Сондықтан тек табиғи материалдар таңдалды. Ол адамды тек қорғап қана қоймай, сонымен қатар эстетикалық тұрғыда әдемі болсын дедік.
– Бетперде ел ішінде тігілді ме?
– Шығыс Қазақстандағы тігін фабрикаларының бірінде. Бірінші кезеңде аса көп емес, 200 мың дана ғана тігілді.
– «Тыныс ал» шарасы қай жерде және қашан өтеді?
– Бұл мәселе әсіресе қала үшін аса өзекті болғандықтан, біздің іс-шаралар қалаларда өтеді. Біз тікелей көшелерде таратамыз. Кім бетпердесіз жүрсе, біздің ерікті оған келіп, екеуін ұсынады. Табиғи мақтадан жасалғандықтан, оны жууға болады. Алматы мен Нұр-Сұлтаннан бастаймыз. Сәл кейінірек жоба елдің басқа қалаларында өтеді. Бірде-бір ірі қаланы қалыс қалдырмаймыз.
– Ғалымжан, бетпердені кім таратады?
– Еріктілер. Соның ішінде букмекерлік кеңсенің қызметкерлері. Біздің еріктілерді тану оңай. Олар «Дыши.kz» деген жазуы бар қара маска тағады және қолғап киеді. Біз зерттеу жүргізгенде, бетперде тарататын адам қарапайым киім киюі керектігіне көз жеткіздік. Қорғаныс костюмдегі адамдар көпшіліктің үрейін туғызады. Олардың қолынан ешкім ештеңе алмайды екен.
– Ал егер сіздерге тікелей хабарласса, бетперде алуға бола ма?
– Әрине. Біз «Дыши.kz» жобасының сайтын аштық. Сіз сол жерде тіркеле аласыз немесе сонда көрсетілген телефон нөміріне қоңырау шалуға болады.
Жандарбек Астанаев,
Алматы