«ЭКСПО» көрмесіне келетін шетелдік қонақтар тізеден малмандай су кешуі мүмкін. Өйткені, жаңбырдан кейін үнемі су астында қалатын Елордада арық жүйесі тек үш жылдан соң, бір-ақ реттелетін болды. Ал көрменің келер жылы өтетінін ескерсек, бас қала ағын судан тазара қоймайтын секілді. Бірақ Астана әкімі қол қусырып отырмағанын айтты. Әсет Исекешов, тіпті шетелден инженерлер шақыртып, қаланы жағымсыз иіс пен жаңбыр суынан тазарту үшін ауқымды жоспар құрыпты.
Бұл шетелдік мамандар Астананың бас ауруына айналған негізгі мәселені шешуге көмектеспек. Өйткені, жауын жауса болды көлге айналатын бас қаланы судан тазартып, тұрғындарды тұншықтырған жағымсыз иістен құтылу оңайға соғып тұрған жоқ. Сондықтан қала әкімі шетелдік мамандарды да шақыртуға мәжбүр.
Әсет Исекешовтің жауын суымен қоса, сасық иісті жоюға білек сыбана кірісуі бекер емес. Өйткені, жауын жауса болды Елорданың ірі даңғылдарына дейін су астында қалады. Бұлай жалғасса «ЭКСПО» халықаралық көрмесіне келетін қонақтар да осы иіске тұншығып, тізеден малмандай су кешуі мүмкін. Осы үшін алдыңғы әкім Әділбек Жақсыбеков те талай сынға қалған еді.
Ауа тазарады деп Астана әкімдігі де сендіріп отыр. Айтуларынша, алдағы екі ай ішінде Талдыкөл толығымен тазарып, келер жылы жағымсыз иіс болмайды.
– Ал жауыннан кейінгі көлкіген судан Астана тек үш жылдан кейін ғана арылуы тиіс. Оның өзі әзірге нақты емес. Өйткені, Үкімет арық жүйесін реттеуге қанша ақша жұмсалатынын да білмей отыр. Бұл мақсатқа әзірге тек 7 миллиард теңге бөлінбекші.