Астананың іргесіндегі орманда күні бойы шанамен сырғанап, шаңғы теуіп шаршаған топ кешкісін шағын үйшіктің ішіне жиналғанбыз. Ошақта жанған оттың қызуы бойды балбыратып, ұйқы қыса бастағанда арамыздағы ақсақал бір әңгіменің шетін шығарды.
…Бұл оқиға сонау жиырмасыншы жылдары болған екен. Зайсанда Кеңес өкіметі орнап, оның саясатын жүргізетін кәммүністері мен комсомолдары да келіпті. Солармен бірге келген Абзал атты бір жас комсомол ауылдың айдай сұлу Айгерім деген қызына ғашық болады. Қыз да сымбатты жігітті бір көргеннен ұнатып, араларында махаббат оты лаулап қоя берген. Ескі дәстүр мен жаңа тәртіптің тартысып жатқан кезі ғой! Айгерімнің атастырып қойған жігіті бар екен! Қалың малы да төленген. Екі жасқа бұл да кедергі болмапты. Үлкендер екеуін тоқтата алмайды. Бірін-бірі сүйген егіз жүрек «екеумізді өлім ғана айырады» деп серттескен де көрінеді. Жағдай әбден ушыққанда ру ақсақалдары өздерінше сот жасап, шешім шығарады. Өлім жазасы! Жай ғана өлім емес, құрық тимеген, тауда жүрген жабайы жылқының құйрығына байлап жіберу! Екі жас мұны да ерлікпен қабылдайды. Жылап-сықтамай,жалбарынбай аттың құйрығына байланып кете барады. Тау-тасты жерде олардың тірі қалуы мүмкін емес еді. Жабайы жылқы сүйретіп ала жөнелгенде-ақ олардың денесін пышақтай өткір тастардың кескілегенін үкімді орындаушылар да, киіз үйден сығалап тұрған бала-шаға да көрген. Егіз жүректі сүйреткен екі жабайы жылқыны содан кейін ешкім көрмеген. Абзал мен Айгерімнің мұңды махаббаты жайлы аңыз- әңгіме отыз жылдан астам уақыт бұл өңірде Қозы мен Баянның махаббатынан кем айтылмайтын. Екеуін де өлдіге санайтын. Алпысыншы жылдары Қытайдағы қандастар елге қайта бастағанда адам сенбес бір оқиға болды. Басқа,басқа бұлай болар деп ешкім күтпеген…