Дос Көшім: Тыйым салу – дәрменсіздіктің белгісі

09 ақпан 2018, 12:07
Дос Көшім

Саясаттанушы Дос Көшім

Қазақ елі 1992 жылы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң қабылдап, 70 пайыздан асқан мұсылман қауымын ондаған адамы бар діни бірлестіктермен теңестіріп, сан түрлі сектаға есікті айқара ашып берді. Діни мәселе ушығып кеткенде, 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң қоғамдағы көбейіп келе жатқан деструктивті діни ағымның идеологиясын қарсы насихат жұмысын жүргізудің орнына намазды қай жерде оқуға болмайтынын, сектаның насихат жұмысын қалай өткізе алатындығын және олардың тіркелуі үшін қажетті адамдардың санын көбейтумен шектелді.

Соңғы заңның осалдығы болу керек, алты жылдан соң заңға өзгеріс пен қосымша енгізу мәселесі көтерілді. Қысқа сұхбатта ұсынылған өзгеріс пен қосымшаларды толық талдап шығу мүмкін емес. Сондықтан қоғамда пікір алуандығын тудырған бір ғана мәселеге тоқталайын. Өзгерістің мәтіні төмендегідей:
«434-2-бап. Бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге қатысты заңнама талаптарын бұзу – жеке тұлғаларға ескерту жасауға, не елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады»;
Меніңше, осы бапты дін мәселесін реттейтін заңға кіргізудің қажеті жоқ сияқты. «Бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті» қылмыскер де, тонаушы да киіп жүруі мүмкін. Бұл қоғамдық жердегі қауіпсіздік мәселесіне жатады. Әрине, оның ішіне ниқаб пен пәрәнжі де кіреді. Бірақ бұл жердегі басты мәселе «діни киімге тыйым салу» емес, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау. Заңды дайындаушылар да осыны жақсы түсінген болуы керек, екінші тармақты былай беріпті:
«2. Қызметтік (лауазымдық) міндеттерін атқару, медициналық мақсаттарда, азаматтық қорғау, ауа райы жағдайларында, сондай-ақ спорттық, спорттық-бұқаралық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысу үшін қажет болатын жағдайларды қоспағанда, бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге тыйым салынады»;
Байқап қарасаңыз, бұл тармақ мәтінінің діни мәселеге ешқандай қатысы жоқ. Сондықтан, тағы да қайталауға тура келеді, бұл баптың (талаптың) «Қоғамдық жердегі қауіпсіздік мәселесі» деген сияқты басқа заңнан орын алғаны тиімді болар. Бір сөзбен айтқанда, дін туралы заңға «киім кешекті киіп жүруді шектеу» мақсатында арнайы бапты енгізуден гөрі, сол мәселенің басқа заңда көрсетілгені дұрыс деп ойлаймын.
Осы баптың заңды жалғасы ретінде және соңғы уақытта қоғамда даулы мәселе тудырған екінші өзгеріске көңіл аударайық:
21. Деструктивті діни ағымдарға қатыстылығын көрсететін сыртқы атрибуттарды, киім-кешекті қоғамдық орындарда пайдалануға, киюге және таратуға жол берілмейді.
Ниқаб пен хиджапты киіп жүру жөнінде пікірталасқа араласқым келмейді. Бірақ балиғатқа толған оқушылар үшін орамал тағу, не тақия киюге тыйым салуға толық қарсымын. Дәстүрдің дінге кірген жерлері бар болса, діннің де дәстүрге еніп кеткен жерлері бар. Орамал, тақия – бұл қазақтың дәстүрлі киімі емес пе? Дін туралы құжатта ең болмаса, теміржол, автобус бекеттерінде намаз оқитын орындардың болу міндеттілігі де көрсетілмеген. Тек қана тыйымдар…Тыйым салу – тек қана дәрменсіздіктің белгісі емес, ертең туындайтын қарсылықтың да белгісі болмаса екен деп тілеймін!

25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді