Бай баласы мен жарлы баласы туралы аңыз әңгіме баяғыдан бар. Бай баласын тентек қып, жарлының ұлын ақылды етіп суреттеу, бай баласының күнін жарлының ұлына қарату деген сияқты қарама-қайшы кейіпкер ел ішінде өте көп. Мұның көбі байды жек көргендіктен емес, бай-кедей деп бөлінуді болдырмаудан туған дүние. Әйтпесе, қазір емес, бұрынғы замандарда да бай баласы мен кедейдің ұлы бірге ойнап, бірге күлмегені анық қой. «Тең – теңімен, тезек – қабымен» деген сөз бекер шықпаған.
Қазір де солай. Бай балаларының ойыны сіз бен біздің түсімізге кіре бермейді. Олар қымбат мейрамханаға барады. Бір түнде бірнеше жүз мың теңгенің басына су құятын түнгі клубтарға кіреді. Мінген көліктері мен киген киімдерінің бағасын айтуға тіл күрмеліп қалады екен. Қысқасы, бай мен кедейдің жігі әлі де бар. Бар болғанда да – арасы тым алшақ. Мұны неге айтып отырмыз? Біздің нысанаға ілінген тақырып – бүгінгі бай балаларының ермегі. Қазіргі бай балалары немен айналысады? Кіммен ойнайды? Осы сұрақтарға жауап іздедік.
Жасыратыны жоқ, қалтасы қалың бай-бағлан, әкім-қаралардың еркетотайлары бума-бума ақшамен, алуан түрлі қару-жарақпен ойнайды. Көліктің ең қымбатын тақымдап, ойына келген іспен айналысады. Оны жұрт жақсы біледі. Нақты мысал келтірейік пе? Қайсы күні Талдықорған қаласы әкімінің баласы полицейлердің қолына түсіп қалады. Терезесі тұмшаланған Тойото Камри көлінің ішінен жалған доллар, травматикалық тапанша мен көлік нөмірлері табылған. Оған қоса, темір тұлпарды тізгіндеген жігіттің көлік жүргізуге рұқсат беретін куәлігі де болмапты. Автокөліктің құжаты талапқа сай емес.
Сөзімізге дәлел келтірдік пе? Келтірдік. Ондай мысал бар екен. Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел де әлгі бала туралы айтыпты. Оның айтуынша, қаруланған, ақшалы азаматтың Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаевқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқан көрінеді. Алайда әкім қызметінен кетпеген. Қызметтік тексеру кезінде көліктің рөлінде нақты кімнің отырғаны анықталу керек, – дейді. Шалтабаевтың ұлы ма, әлде басқа біреу болды ма? Ақша қайдан шықты? Мұның бәрі әзірге жұмбақ. Бірақ алдағы уақытта тексеріліп, анықталады деп сенуден басқа амал жоқ. Міне, бай-бағлан, әкім-қаралардың балалары осындай болады.
Тағы бір мысал келтіріп көрейікші. Естеріңізде болса, былтыр қаңтар айында Елордада Солтүстік Қазақстан облысының экс-әкімі Самат Ескендіровтің ұлының үйінен 112 млн теңгенің мүлкі тоналған болатын. Бас қаланың соты бұрынғы әкімнің ұлының зәулім үйін тонаған ұрыларға қатысты үкім шығарды. Олардың бірі 11 жылға бас бостандығынан айырылса, екіншісі 5 жылға шартты түрде сотталды да кетті. Ұрыларды жақтап отырған жоқпыз. Дегенмен, қарапайым халықты бұрынғы шенеуніктің баласының үйінен ұрланған заттың бағасы таңғалдырып отыр. 112 миллион теңге! Бұл түске кірмейтін дүние. Қандай құнды дүние деп отырған шығарсыздар. Біз де санап көрдік. 23 миллион теңге көлемінде нақ ақшаны үптепті. Содан кейін әртүрлі елдердің тиындарының жиынтығын, эксклюзивті травматикалық тапаншаны, құны 50 мың доллар болатын гауһар тасты алтын Roleх, 25 мың доллар тұратын гауһар тасты швейцариялық Ulysse Nardin, 25 мың доллар тұратын «Зенит», құны 20 мың доллар болатын франциялық Cartier сағаттарын қолды қылыпты. Ол аздай, бағалы металдан жасалған зергерлік бұйымдарды да іле кеткен көрінеді. 1,5 миллион теңгенің алтын жалатылған тостағандары мен ер-әйелдің құндыз ішіктерін тонаған. Бәрі қымбат!
Әңгімеміздің басында бай балалары немен айналысады деп едік қой. Міне, әкімдердің балалары осындай қымбат заттар жинаумен айналысады. Қолына қару алып, көлігіне бума-бума жалған доллар тиеп, көшеде тайраңдап жүреді. Осындайда «Алдараспан» театрының дүрі Нұржан Төлендиевтің әлдебір әзілінде айтылғандай «Байларды жақсыыыы көремін» деген әзілі еріксіз еске түседі екен.
Жарас Кемелжан