jasqazaq.kz

Димаштың бүгінгі жетістігіне Ринаттың сыны әсер етті ме?

01 ақпан 2017, 13:36

Сын айту мен мін айтудың ара-жігін ажырата алмай қалғандаймыз. Осыдан біраз күн бұрын әлеуметтік желілер мен қазақ тілді сайттардың көбінде жас әнші Димаш Құдайбергенов пен Ринат Зайытов туралы мақала жарық көрді.

Baq.kz хабарлағандай, осыдан төрт жыл бұрын орын алған оқиғаның қайта көтеріліп, әлеуметтің талқысына түсуіне Димаштың Қытайда өтіп жатқан «I am singer» байқауының алғашқы екі кезеңінде жеңіске жетуі себеп болған. Ал бір кездері жас әнші Қазақстанда ұйымдастырылған «Саз әлемі» атты телевизиялық байқауға қатысып, бақ сынаған. Сол жерде Ринат Зайытовтың және басқа да әншілердің сын-ескертпелерін естіген.

«Өзім сен сияқты әншілерден қорқамын. Бұрын Витас секілді әншілер пайда болды деп қуанатын едік. Ал қазір бәрі шыңқылдай бастады. Осы еркек дауысты эстрадамыз Өмірқұл Айниязовпен бітіп қалады ма деп қорқамын. Шыңғырып айту өнер емес. Жарайсың, алға баса бер», – деген болатын Ринат Зайытов.

Дәл сол уақытта бұған көпшіліктің назары түскен жоқ. Димаштың аты әлемге таныла бастаған тұста ғана бұл мәселе қайта көтерілді. Қалың бұқара енді Ринатқа қарсы сын айтып, оны айыптауда. Бұл дұрыс па? Бәлкім Димаштың әлем сахнасын бағындыруына осы айтылған сын-ескертпелердің де оң әсері болған шығар? Әрине егер бұл оқиға 4 жыл бұрын емес, Димаштың қытайға сапары алдында орын алған болса, онда Ринаттың пікірін аяққа шалу деп бағалауға болар ма еді…

Әйгілі спортшы Валерий Харламовтың өмірі баяндалатын «Легенда №17» фильмін көрген боларсыз. Көптің қошеметіне бөленген хоккейшіні бапкер Анатолий Тарасов командасына шақыртып алғанымен, бірден мұзға жібермей, қосалқы спортшылар орындығына отырғызып қояды. Жанкүйерлер қанша наразылық танытса да, Харламовты ойынға қосуға асықпай, оның дайындығын шыңдай түседі. Бұл ерте көзге түсіп, жасындай жарқырап шыққан спортшының арзан атақ пен қошеметке малданып, спорттық мансабын ерте аяқтауына тосқауыл болды. Жаттықтырушының өзіне деген «әділетсіз» көзқарасын өзгертуге тырысқан Харламов жаттығуға екі есе күш жұмсады. Хоккейдің қыр-сырына әбден машықтанды, осының арқасында жарақатына қарамастан ел намысын қорғап, «КСРО-Канада» суперсессиясында айрықша өнер көрсетті. Егер бапкер Тарасов дәл осындай әдіс қолданбаған болса, жанып келе жатқан жұлдыздың ерте сөніп қалуы бек мүмкін еді. Өмірде мұндай жағдайдың жиі болатыны белгілі емес пе?
Тағы бір айта кетерлігі, қазақ ән өнерін ең алғаш әлем сахнасына алып шыққан тұлға Әміре Қашаубаев болды. КСРО басшылары Әмірені Парижге апаруға шешім қабылдағанын естіген Әлихан Бөкейхан Ахмет Байтұрсыновқа хат жолдап, реніш білдірген екен.

«Әміре Қашаубайұлын Парижге жібермекші. Ол бірде-бір ән сөзін білмейді ғой. Болмайтын нәрсені айтады. Мен оны бірыңғай әншілердің үйіне апарып, ән салғыздырттым. Дауысын мақтастық, әйтсе де ән салған кезде, мен қатты ұялдым. Айтқан әнінің сөзінде мән болсайшы.
Парижде мәнді ән талап етеді. Әншіні Парижге жібере отырып, бір әннің болса да сөзін жаттатқызуға болады ғой! Әміремен бірге баратын басқа халықтардың әншілері ұлттық киімдерін киген, ал біздің Әміре орыс мешанынша киініпті. Бұл соншалықты қиын ба еді?», – дейді.

Әлиханның бұл сөзі Әмірені көре алмаудан туған пікір емес, қайта қазақ өнеріне деген жанашырлықтан туындаған ой болатын. Әміре ел сенімін ақтады. Егер Кеңес билігінің көлеңкесінен қорыққан қуғындау саясаты болмағанда, ол әлемдік деңгейдегі әншілердің қатарына қосылар ма еді? Бірақ тағдыры аянышты аяқталды.
Адамды сын өсірсе, мақтау өшіреді. Егер әу баста Димашты мақтау мен мадақтау көп болғанда, ол мұндай биіктерге өспеуі де бек мүмкін еді. Айтылған сын-ескертулердің қорытындысы, оның талантын шыңдап, өнерін өрістетуге себеп болды деп білеміз. Қазақтың қара баласы алдағы уақытта да еліміздің атын аспандата береді деп сенейік.

30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде
22 шiлде, 19:06
Алматы: Өндірістік ауданда тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасып келеді
22 шiлде, 15:09
Қазақстан – Еуроодақ: Экономикалық дипломатияға басымдық