
Бараxолкада заңсыз діни әдебиеттер сатылады, ал дүкенде Құранды сатуға тыйым салып отыр. Бүгін Астанадағы «Қазіргі кезеңдегі экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен жолын кесудің заңнамалық және институционалдық шаралары» тақырыбындағы дөңгелек үстелде саясаттанушы Данияр Әшімбаев осы мәселеге қатысты өз ойын ортаға салды.
Оның айтуынша, бүгінде заңсыз діни әдебиеттерді сатуға тыйым салынған. Алайда заңның осы бір тұсын ешкім бақыламайды.
Д.Әшімбаев «Мен бір мысал келтірейін, осыдан екі жылдай бұрын дін істері комитеті «дөңгелек үстел» өткізді. Сол жерде Алматыдағы бараxолкада діни әдебиеттердің сатылуы туралы мәселе көтерілген болатын. Ондай кітаптарды кім басқаны көрсетілмеген, бірақ қағаздың сапасы жоғары әрі бірнеше тілде шығарылған. Соның ішінде татар, өзбек, орыс, ұйғыр, қазақ және тағы басқа тілде басылған әдебиеттер бар. Бұдан бөлек, аудио мен видео материалдардың ашық сатылатыны жайында айтылған. Қазақстанда заң бойынша ондай кәсіпке тыйым салынған. Дегенмен, базардағы ондай сауда-саттықты бақылап жатқан ешкім жоқ», – дейді.
Оның айтуынша, базардағы заңсыз діни әдебиеттердің саудасы бақыланбаса да, ресми дүкендерге Құран кітабын сатуға тыйым салып отыр. Себебі сауда орны діни әдебиеттерді сататын ұйымдардың тізіміне кірмеген. Алайда ол тізімді қай мекеменің жасақтайтыны белгісіз.
«Астанадағы бір кітап дүкенінде маған былай деп айтты. Прокуратураның нұсқауымен «Қазақтардың Исламға дейінгі салт-дәстүрі» атты кітапты тәркілеп алды. Себебі ол кітап діни әдебиеттер санатына кіреді. Ал базардағы «сауда» қызып тұр. Мен бұл мәселені комитеттен сұрағанмын. Олардың айтуынша, бұның бәрін бақылап отыратын мамандар жоқ», — деді саясаттанушы.
bnews.kz