Дүрліктірген допинг

17 ақпан 2017, 15:33

Бұл күндері допинг десе «Енді қай спортшымыз?» – деп зәреміз ұшатын жағдайға жеттік. Алматыдағы 28-қысқы Универсиада біте сала, құрамадағы біраз спортшылар Аустрияда өтетін биатлоннан әлем чемпионатына аттанып кеткен-ді. 9 ақпан күні Хохфильценнен суық хабар бұрқ ете қалды. Аустриялық полиция өкілдері Қазақстан құрамасы жайғасқан қонақүйді қоршап алған.

Енді бәрін басынан бастайық. «Спорт-Экспресс» хабарлағандай, Германияда жергілікті полицияға беймәлім куәгер Инцелль қаласының жанармай құю бекетінде бірнеше шағын автобустың қоқыс жәшігіне бірнеше қорап тастағанын көргенін хабарлайды. Тексеру барысында қораптың ішінде медициналық бұйымдар, дәрілік препараттар табылған. Кейіннен белгілі болғандай, ампула, екпе инемен қатар, биатлон жарысына қатысуға арналған бірнеше аккредитацияның қоса табылғаны белгілі болып отыр. Анализдік қолжазба мен жарысқа берілген рұқсаттамалардың қазақстандық спортшыларға тиесілі екенін анықтаған полиция өкілдері істі Аустрияның допингке қарсы агенттігіне (NADA) тапсырады.
Ертеңіне құраманың биатлоншысы Ольга Полторанина «Біз мұндайды күтпеген едік. Кешкі уақытта бірнеше адамнан тұратын үлкен топ бізді қоршауға алды. Қорқып кеттік. Кейбір спортшыларды түнгі екіге дейін, ал қайсыбірін таңғы төртке дейін әбігерге салды. Алдымен допингтік бақылаудан өттік, одан кейін полиция бөлмелерді тінтіді. Түнімен ұйқы көрмедік. Біртүрлі жағдайға тап болдық. Тыйым салынған заттарды қолданбағанымызға әбден сенімдіміз, өйткені препараттарды ешқашан қолданып көрмегенбіз», – деген-ді.


Еуропаның белді де беделді мамандары да өз пікірлерін білдіріп жатты. Соның бірі – Норвегияның Биатлоншылар одағының басшысы Эрленд Шлоквик «Бұл өте жаман жағдай. Егер шынымен тыйым салынған препараттар болса, оны өте қайғылы оқиға деп бағалаймын. Мені таң қалдырғаны, сонша дәрілік затты неліктен алып келгені болып тұр. Бұл олардың мәдениеті мүлде басқаша екендігін көрсетеді», – деп мәлімдеді.
Еліміздің мәдениет және спорт министрлігі кінәнің бәрі команда дәрігерінің салғырттығынан болғанын мәлімдеген болатын. Таңертең спортшылар жарысқа қатысуға рұқсат алды. Ұйымдастырушылар тексеріс қорытындысы шыққанша, биатлоншыларды жарыстан шеттетпеуді ұйғарды. Аралас эстафетада спортшыларымыз 11-орыннан көрінді.
Араға алты күн салып, Аустрияда дауда қалған биатлоннан Қазақстан құрамасына тағылған айып, негізсіз болып шықты. Бұл туралы үкімет отырысынан кейін мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті.


Ол «Спортшыларға құрметпен қарауларыңызды сұраймын. Себебі оларға «допинг қолданды» деп айып тағылған болатын. Жоқ, олай емес. Кеше біз допингке қарсы агенттіктен хабарлама алдық. Олардың сынамаларынан тыйым салынған препараттар табылмаған. Яғни олар «таза». Қазіргі таңда біз WADA-дан жазбаша түрде хат күтіп отырмыз», – деді.
Сонымен қатар министр осы қателіктен мамандардың сабақ алғандығын атап өтті. «Әрине, қателік кетті деп Аустрия тарапын кінәламаймыз. Бұл жағдай бізге сабақ болды. Ендігі жолы біздің дәрігерлер өз міндетіне ұқыппен қарайтын болады», – деді министр.
Естеріңізге сала кетейік, 10 ақпан күні Аустрия жерінде өтіп жатқан биатлоннан әлем біріншілігі кезінде Қазақстан құрамасы допинг дауына іліккен болатын.
Мәселенің мән-жайын білмекке 14 ақпан күні Аустриядағы биатлоннан әлем чемпионатына қатысып жатқан биатлон құрамасының жаттықтырушысы Мақсат Шарановпен хабарласқанбыз. Аустриямен уақыт айырмасы бес сағат болғанымен, бапкер сұхбат беруден жалтарған жоқ. Шарановтың айтуынша, спортшылардың көңіл-күйі қазір бірқалыпты. Спортшылар өздеріне сенімді болғанын, алайда жүйкеге біраз салмақтың түскені туралы жеткізді.

М.Шаранов
«Біз сенімді болдық»
– Мақсат, Қазақстан құрамасы осындай жағдайға қалай душар болды?
– Бұл туралы мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов та, Қазақстан Биатлон одағының бас хатшысы Манас Үсенов те айтқан болатын. Менің алып қосарым жоқ. Министрліктегілер де, федерациядағылар да бар жағдайды жасады. Ұлттық Олимпиада комитеті де көмек жасап отыр. Бізден жауап алғанда, олар барынша істің ақ болуына ықпал жасады. Полиция бөлімшесінде кеш келіп, бізді қолдады. Сол үшін ҰОК-қа алғысымыз зор
– Спортшыларымыз сенімді болғандарын айтып жатты…
– Бәрі дұрыс. Тыйым салынған заттарды қолданбайтынымыз, қолданып та көрмегеніміз айдан анық. Сондықтан сенімді болдық
– Допинг дауы туралы біраз беделді мамандар пікір білдірген болатын…
– Иә, біразын оқып шықтым. Мұндай кезде әртүрлі алыпқашпа әңгімелердің айтылатыны белгілі. Біз онша мән бермедік. Тек сынамалардың нәтижесін күтумен болдық.
– Өтіп жатқан Әлем чемпионатының деңгейі туралы не айтасыз?
– Бәрі қанағаттандырады. Ұйымдастырылуы, жарыс жолы бәрі көңілімізден шығып тұр.
– Үздік нәтиже қандай?
– Әлем чемпионатының алғашқы күнінде аралас эстафетада қыз-жігіттеріміз 11-орыннан көрінді. Араға екі күн салып ерлер арасындағы 10 шақырымдық спринтте Ян Савицкий 24-ші болып келді. Ертесіне 12,5 шақырымдық із кесуде Ян 33-орынды місе тұтты. Әзірге осы. Жарыс ақпанның 19-на дейін жалғасатынын ескерсек, бұдан да жақсы нәтиже күтеміз.
– Алда әлі жеке жарыстар мен масс-старттар бар ғой?
– Иә. Фавориттер белгілі. Масс-стартқа өту де қиынның қиыны. Әйелдер арасында жалпы есепте Галина Вишневская 15-орында, ерлер арасында Ян Савицкий 31-орында тұр. Ертең жекелеген сында олардың масс-стартқа өту-өтпеуі белгілі болады. Мәселен, ерлер арасында отыз спортшы масс-стартқа жіберіледі. Ян ертең жақсы атса, өтіп қалуы мүмкін.
– Мақсат, сізге көп рахмет айтамыз!

 

Мадияр Арыстанбаев

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?