
Алматыда базарлар арасында «Дүйсенбілік футбол-2016» турнирінің 3-кезеңі өтті. Бұл іс-шараны Алматы қаласы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармамен «Болашақ» қозғалысы ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты базарда қарапайым жұмыс істеп, еңбегін маңдай термен адал тауып жүрген азаматтарға көңіл бөлу, бір сәт қуаныш сыйлау.
Сайысқа «Алтын Орда», «Арлан», «Орбита», «Тұлпар», «Сәлем», «Саламат» базарларынан құралған командалар қатысты. Тартысты додада бірінші орынды «Алтын Орда» командасы ұтып алды. Екінші орынды – «Саламат» командасы иеленсе, үшінші орын «Арыстан» командасына бұйырды. Одан өзге «Ең үздік шабуылшы», «Ең үздік қорғаушы», «Ең үздік жаттықтырушы» номинациялары бойынша команда мүшелері марапатталды.

Берік Ағыбаев, «Болашақ» республикалық қозғалысы төрағасының орынбасары: «Бұл бізде өтіп жатқан турнирдің 3-кезеңі. Алты команда қатысты. Сол алты команданың ішіндегі финалистері қараша айында болатын «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» мен «Алматы қаласының 1000 жылдығына» арналған турнирге қатысатын болады. Алматы қаласы бойынша 57 базар бар. Соның барлығын қамтылады. Ең басты мақсатымыз базар жастарын назардан тыс қалдырмау. Оларды салауатты өмір салтына араластыру».
Аталмыш шараға қатысқан футболшылар да өз ойларымен бөлісті. Соның бірі Бақытжан Әрінов, «Арыстан» командасының ойыншысы: «Ойын өте тартысты өтті. Осындай турнир жиі ұйымдастырылып тұрса қатысуға дайынбыз. Базар жастарына көңіл бөліп, спортқа баулып жатқандарыңызға ризашылық білдіремін». «Дүйсенбілік футбол-2016» атты әлеуметтік спорттық жарысының келесі кезеңі қыркүйек айында өтеді. Кезеңдік турнирдан өткен финалист командалар қараша айында өтетін финалдық додаға қатысатын болады.