
Астанадағы «Sine Tempore» сауда орталығындағы бутиктердің бірінен чемодан сатып алған жігіт дүкенді сотқа берді. Бұл туралы Астана қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, – «ҚазАқпарат» хабарлайды. 2016 жылдың 7 қыркүйегінде ер адам Астанадағы «Sine Tempore» сауда орталығындағы бутиктердің бірінен чемодан сатып алған. Алайда Орал қаласына жете сала, чемоданның бауы үзіліп қалған. Содан кейін ер адам дүкенге келіп, ақша қайтаруын немесе чемоданды ауыстырып беруін сұраған. Алайда сатушы оған көнбеген. Астана қалалық тұтынушылардың құқығын қорғайтын «Əділет» қоғамдық бірлестігінің арқасында жігіт Сарыарқа аудандық сотына сатып алған сапасыз бұйымның ақшасын қайтарып алу туралы арызданған. Сот сатушы тұтынушының құқығын бұзды деп, чемоданның ақшасын, сондай-ақ моральдық шығынды өтеу туралы шешім шығарды. Сот шешімі əлі заңды күшіне енген жоқ.