
Қазақстанда құрылысы жоспарланған атом электр станциясының (АЭС) тиімділігі дау тудырмайды. Энергетика министрі Болат Ақшолақов бұл салада мол тәжірибе жинақталатынын, компаниялар дамып, салада жұмыс істейтін мамандар көбейетінін атап өтті. Министрлік басшысы АЭС-ті тұрғызатын компания қажетті мамандарды ел ішінен дайындауы тиіс екенін де ескертті. Мердігерді таңдауда, әсіресе, құрылыс пен станцияны пайдалану кезіндегі қауіпсіздікке баса мән берілетіні түсінікті. Сондықтан Қазақстанда АЭС салатын компанияны әлдекімдердің жеке мүддесі тұрғысынан таңдауға болмайды.
«Мен осы мәселемен айналысып жатқан шенеунік ретінде қандай да бір компанияға басымдық бере алмаймын. Өйткені бұл мәселеде ең алдымен АЭС құрылысының, ол іске қосылғаннан кейінгі қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Бұл мәселеде салқынқандылық танытқан дұрыс», — деді Б.Ақшолақов.
Энергетика министрі тексеруден өткен реакторлық технологиялардың тізіміне төрт ықтимал мердігер бар екенін жеткізді. Олар: : CNNC (Қытай), «Росатом» (Ресей), KHNP (Корея), EDF (Франция). «Алдағы жылы уран өнімдерін жеткізуде көлік бағыттарын әртараптандыру мәселесі шешіледі. Сондай-ақ АЭС реакторлық технологияларын таңдау жұмысы жүреді. МАГАТЭ Миссиясының Қазақстанның ядролық инфрақұрылымына кешенді шолуы ұйымдастыру жоспарда бар», — деді ол.
Талап Тілеген