
Белгілі кәсіпкер әйел Лилия Рахтың қандай қылмысқа қатысы барын Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметі ресми хабарлады.
Қалалық ішкі істер департаментіне Өзбекстан азаматының із-түссіз жоғалып кеткенін айтып, Н. есімді азаматша хабарласқан.
Жедел-іздестіру шараларының арқасында У. есімді азаматты әлдекімдердің ұрлап әкетіп, жалдамалы пәтерлердің бірінде күшпен ұстап отырғаны анықталады. Мұқият жүргізілген зерттеу барысында полиция аталған пәтердің орналасқан жерін де айқындайды. Нәтижесінде ұрланған азамат аман-есен босатылған.
Аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ІІД төрт адамды ұстады. Олардың ішінде азаматша Лилия Рах та бар.
ҚР ҚК 125-бабы (адам ұрлау) дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Тергеу кезінде күдікке ілініп ұсталған адамдар тұтқында болады.
Бұған дейін Лилия Рахты тәртіп сақшыларының тұтқынға алғаны жарияланған болатын. Сондай-ақ сән әлемінің беделді өкілі туралы арнайы деректі материал да жарық көрген.