
Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында басталған Астана экономикалық форумының үзілісінде «Жас қазақ» газетінің тілшісіне арнайы сұхбат берген Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев осылай мәлімдеді. Министр «Ауыл» партиясының жетекшісі Әли Бектаевтың елімізде 1,2 млн. адам үй салуға жер кезегінде тұр деген мәліметтің қайдан алынғанына таңданыс білдірді. Ол: «Мұндай мәліметтің қайдан алынғанын білмеймін. Оны нақтылау керек» деген пікірін білдірді.
Қуандық Бишімбаев жеке үй салуға жер алу мәселесіне қатысты біздің газетке мынадай түсінік берді: «Қазір кейбір азаматтар мемлекет жер бермейді екен немесе береді екен деген әрқилы пікір айтып жүр. Менің айтарым, әзірше бұл бағытта заңға ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ. Қазақстан азаматының жеке үй салу үшін жер учаскесін алуға толық құқығы бар. Ондай құқық заңда нақты белгіленген. Бірақ қазір экономикалық жағдайға байланысты әншейін сұраған адамға жер бере беруге болмайды. Себебі жер беру үшін, әуелі оған инфрақұрылым тартылуы керек. Атап айтсақ, ауыз су, электр қуаты және т.б. қажетті құрылымдар. Міне, осы инфрақұрылымды тартуға бюджетте қаражат болмағандықтан біз осы мөлшерді қысқартқанбыз. Ал алдағы уақытта қаражат мәселесі шешілсе, жер сұраған азаматтарға жер телімі беріледі».
Құзырлы министрлік басшысы бүгінгі таңда еліміздің 7 облысында жеке үй салуға дайын инфрақұрылым барын қадап айтты. Яғни, дайын жер телімі кезекте тұрған азаматтарға таратылады. Қуандық Бишімбаев: «Басқа облыстарда жергілікті бюджеттің мүмкіндігі болып, инфрақұрылым салынғанда халыққа жеке үй салуға жер беріледі. Әрине бұл мәселе қаржылық мүмкіндікке қарай шешіледі. Ең бастысы, заң бойынша жергілікті әкімшіліктерге жеке үй салуға кезкелген еліміздің азаматы өтініш тапсыруға құқылы» деп сөзін түйіндеді.
Төлен Тілеубай
Астана