«Бика — открывашка»

11 шiлде 2016, 18:33

2

Айсыз қараңғы түн. Жол бойында үсті-басы қан аралас батпаққа малынған жалғыз адам тұр. Көрден шыққандай. Адам кейіпті, қорқынышты міскінге ешкім тоқтамайды. Тәлтіректеп, бір қолымен кеуде тұсын басып, бір қолымен көлік тоқтатып тұрған жан «түн қарақшысы» сияқты. Машиналар жылдамдығын үдетіп өтіп жатыр. «Аш пәледен қаш пәле» дейтін сияқты. Бұл фантастикалық кино емес, Алматыда болған оқиға.

Елсіз, иен далада қарсы алдыңыздан дәл осындай қанға бөккен құбыжық шыға келсе, сіз не істер едіңіз?! Қорқатыныңыз, тіпті, көлігіңізді тежеу түгілі, сол қарғыс атқыр жерден құтылғанша асығатыныңыз анық қой.

Өлім мен өмір арасында қалған кісінің басына не келіп, не кетпейді?! Қара жолдың бойында жел айдаған қаңбақтай бірде ары, бірде бері сенделіп келе жатқан бұл да қиялмен Алматыны алты айналып, біраз жерді шарлап кеткен…

Қыз – қақпан

Есіне алғаш түскені – танысы Беріктің үйі. Бұл оның пәтеріне қалай барып еді? Шақырған жоқ, өзі кіріп шықпақшы болған. Берік жалғызбасты жігіт. Есігін қақты. Сымбаты сынбаған, қырықтан асса да қылшығы таймаған бір сұлу әйел ашты. Аржақтан Беріктің зор дауысы, бір әйелдің сыңғырлаған күлкісі естіледі. Пәтерде әдеттегіден бөлек отырыс болып жатыпты. Дастарханды асүйге емес, ортадағы кең бөлмеге жайған. Қонағасыға көз тоятындай: құстың сүті, жылқының өтінен басқаның бәрі бар. Мұны көрген пәтердің қожайыны қуанып кетті. Ал әлгі екі сылқымның бірі жас жігіттің келгеніне аса ықылас таныта қоймағандай.

Ләйлә – деп сүйірік саусақтарын созды есік ашқан сары келіншек. Бұл ауыз ашқанша: «Жандос» — ескі танысым, білікті журналист, детектив жанрының жүйірігі» — деп үй иесі мұны өзі таныстырып үлгерді.

Төрге жайғасқан қара шашты, көк көз әйел орнынан да тұрған жоқ, ернін жыбырлатқандай болды. Атын айтты ма, әлде жақтырмағанын солай білдіргісі келді ме, Жандос анығын аңғара алмады.

Берік мұны төрдегі келіншектің қасына жайғастырып жатып: «Жанна — үйдің жанындағы әйдік мейрамхананың админстраторы. Басы бос, тартымды келіншек» — деп әзілге айналдыра таныстырды. Жандос келгенге дейін бұлардың қызып алғаны көрініп тұр: қызыл мойын екі бөтелке бұрышта теңкиіп жатыр. Көк көз әйел мұны жақтырмағандай көрінгенмен, кейін ұнатып қалғандай болды. Бұл жайғасып болмай-ақ, білегін мойнына асып, демін жақындатқаны…

Бойынан әл кетіп, әлекке түсіп, қансырап келе жатқан Жандостың көз алдынан осы кадрлар ғана тізіліп өтті. Одан ары ойлауға шама келер емес: басы зеңіп, көкірек тұсы удай ашып, бойы салдырап дегбірі әбден қашқан. Ешкімнің тоқтамасына көзі жеткен соң, бұл машиналардың алдын кес-кестеді. Екі көлік далада кездескен «құбыжықтан» шын қорықты ма, мұны қағып өте шықты. Үшінші машина жылдамдығын бәсеңдетіп, терезесін түсірді. Міскін күйге түскен бұл: «Мені құтқар!» деуге ғана тілі келді. Одан арғысы бұлыңғыр…

Ажалдан құтылған…

Ол есін жиғанда, ауырухананың төсегінде таңылып жатқанын байқады. Мұны күтіп бір ақ халатты айдай сұлу қыз айналып-толғанып жүр. «Маған не болды? Бұл жерге қайдан келдім?» — деді ісініп кеткен ернін әрең жыбырлатып. «Қозғалмаңыз, демалыңыз! Кеудеңізге ота жасалды» — деді аққудың көгілдіріндей ару. Бәсе, бір демі қысылып, кеудесі көтертпей тұрған еді.

Арада екі күн өтті. Жандосты Алатау аудандық полиция басқармасынан екі жігіт іздеп келіп, әңгімеге тартты. Демі ауырлап жатса да, бұл есіне түскенінің бәрін тізіп жатыр.

Арпалыс

Оқиға былай болған. Жандос көк көз келіншектің деміне арбалып, бойы балқып, құшағына құлаған сайын бұл өмірді, мына кешті ұмытып, қызыл мойын бөтелкеден армансыз сілтепті. Тек түн ортасында үйге бет-жүзін тұмшалаған үшеу кіріп келіп, бұларды әй-шәйге келтірмей сабай жөнелегені. Бұл сонда ғана есін жиды. Бірақ қарсыласуға қауқар жоқ. Қаруланып келгендер Берікті босаға түбіне құлатып, мұны қылқындырып жатыр. Қанша алысса да, үш адамға шамасы келуші ме еді…

«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өлер» — деген рас екен. Ауыр соққыдан өлімші болған Жандос бір кезде есін жиды. Демі қысылып, тынысы тарылып жатып қолын арлы-бері сілтеді. Бірақ қозғалар емес. Кеуде тұсы шаншиды. Бірдеме қадалып қалғандай. Қайда жатыр, қандай күйге түскен? Бағамына бара алар емес. Жүзін топырақ жапқанына қарағанда жер астында жатқан сияқты ма, қалай? Жүрегі су ете түсті. «Мынау көр болмасын, мен көрде жатқан жоқпын ба?» — деген суық ой бойын қалтыратып, бишара күйге түсірді.

Жер астынан жігіт шықты

Айсыз қараңғы түнде қара топырақты жарып жалғыз қол шықты. Бес саусағы ауа қармап, жағаны тырмалай бастады. Бұл – тірідей жерленген Жандос болатын.

«Адам баласының бойында тылсым күш болады» дегенді бұл талай кітаптан оқыған. Соған осы жолы көзі жеткендей. Өзінің тірідей жерленгенін, қандықолдардың мұны көміп кеткенін білгенде, кісі бойындай көрді жарып, балшық аралас топырақты қақ айырып бір-ақ шықты. Шықты да тентек кісідей меңіріп, қараңғы түнге қарай жүгіре жөнелді. Бір кезде өкпесі өшіп тоқтады. Сонда ғана байқады. Көкірегінде қадалған пышақ екен. Жұлып алды. Қан бұрқақтай жөнелгені. Өз-өзінен қорқып келе жатқан жігіттің зәресі одан әрмен ұшты. Бір қолымен кеудесін басып, жарық көрінген жаққа қарай сүйретілді…

Сот пен от

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде бәрі анықталған. Бұл қылмыстық іс – жоспарланған, ұйымдасқан қылмыстық топтың кезекті шабуылы екен. Ауыруханадан шығып, сот мінберінде тұрып, осының бәрін ет құлағымен естіп, өз көзімен танысқан Жандостың көз алды мұнартып кетті…

Сот төрағасы бірнеше томнан тұратын қылмыстық істі оқып жатыр: «Бұл – ұйымдасқан қылмыстық іс. Қандықолдардан бір емес, бірнеше кісі жапа шеккен, бірнеше адам жазым болған»…

Анығы – бұл жалға пәтер тауып беретін делдалдың (релтир) қолымен жасалған қылмыс болып шығады. Бірнеше адамнан құралған топ құрамына мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің есімі енген.

Үлес пен күрес

Қылмыс сценарийі бір-біріне ұқсас. Алдымен мемлекеттік мекеме қызметкері жалғыз басты тұрғынның тізімін мейрамхана қожайыны – шешен азаматына ұстатады. Одан ары сол мейрамханада болмашы жалақымен күнелтіп жүрген Жанна құрбандықты шырғаға тартады. Реті келсе, оны мейрамханаға шақырады, үйіне барып төсектес те болады. Қолға түсірген соң, қорғансыз, әлсіз жанды ресторан қожайыны жалдамалы жандайшаптарға тапсырады. Олар оны өлтіріп, қала сыртына шығарып көміп тастайды екен. Арада бір-екі апта өткен соң мемлекеттік мекеме қызметкері араласып, тұрақты бір нотариусқа апарып, пәтер иесіне ұқсайтын бір адамды тауып, үйді сатады. Пәтердің жалдамалы қожайынына қол қойдыру, саудаласу сияқты жұмыстарды мекеме қызметкері өзі үйретіп, бақылауына алған. Одан ары саудаға түскен пәтерден әркім өз үлесін алады.

50/50 – мейрамхана қожайыны мен мемлекеттік мекеме қызметкерінің үлесі. 50 000 теңге – Жаннаның қалтасына түсетін ақша. Нотариус та үлессіз қалмайды.

Соңғы сценарийі сәтсіздікке ұшыраған әйел шашау шығармай жасаған алдыңғы қылмыстарын ойына алды: «Соңғысы да тастай мүлтіксіз болып еді ғой. Анау үрпек бас журналист қайдан келіп қалды? Бәрі соның кесірі. Берікті қанша апта айналып-толғанып, әлсіз жерін әрең тауып құрған сценарийім емес пе еді. Кісікиік сияқты ешкіммен араласпайтын, томағатұйық Берікті қолға түсіру үшін оның көңілдесі Ләйләмен де таныстым. Одан ары Ләйләні әрең көндіріп, Беріктің үйіне қонаққа бардым. Бәрі ойдағыдай өрбіп келе жатқанда мына детектив жазғыш қайдан сап етті екен? Кеудесіне әлгі жаналғыштар қанжар қадап еді ғой, бұл қалай өлмей қалған? Алғабасқа апарып терең қазып көміп кеттік деп еді, қайтіп шықты екен?».

P.S.      

Киноға бергісіз сценариймен, тастай жоспармен қаруланған топтан жапа шеккендер көп. Қылмыстық іс тексеріп жатыр. Қазірдің өзінде Тараз қаласынан көшіп келіп, осы алаяқтардың қақпанын қапқан бір отбасы тіркелген. Ол 43 мың доллар деп саудаға түскен пәтерді 28 мың долларға сатып алыпты. Ал қазір «арзанның жілігі татымайдының» кері келіп, пәтерден де, ақшадан да айырылып, сан-соғып отыр. Құзырлы орын қызметкерлері қылмыстық топтың бұдан да басқа іспен қатысы бар-жоғын тексеруде.

 

Жарас КЕМЕЛЖАН

(Кейіпкерлердің аты-жөні өзгертіліп алынды)    

26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады