
Көктем келді. Әдеттегідей, таусылмайтын жанар-жағармай «жыры». Қымбат отынмен көлік иесін қорқытатын мұнай мамандары…
Бүгінде шенеуніктің де, сарапшының да сөзі бір: «Бензиннің үштен бір бөлігін Ресейден аламыз. Көршіде баға бізден жоғары. Үш мұнай өңдеу зауыты жаңғыртылған соң ешкімге телмірмейміз». Бірақ тәтті уәденің орындалуын күтуге тура келеді. 2019 жылға дейін. – Сонда күтуден басқа амал жоқ па? – деп сұрайды мұнайлы елдің пақыры.
– Әрине, бар, – дейді халық қалаулысы Ерлан Барлыбаев.
Мәжіліс депутаты әлгі үш кәсіпорынға мөлимей, қара майды өңдейтін ұсақ зауыттардың қуатын пайдалануды ұсынды. Олар бірен-саран емес, бақандай 32. Жылына 6,5 млн тонна мұнай өңдеуге қауқары бар. Ішкі сұранысты толық қамтамасыз ету үшін қазіргі 14,5 миллионнан 17,5 млн тоннаға жеткізу керек. Бірақ сол 3 млн тоннаны өңдеп, жанар-жағармай алуға жеткізетін жолда үлкен кедергі бар. Ол – энергетика министрлігінің бұйрығы. Осы аптада үкімет басшысына үн қатқан Е. Барлыбаев бұйрықтың күшін жоюды сұрады. Құзырлы мекеме тарапынан қабылданған шешім қуаты 800 мың тоннаға жетпейтін зауыттарға бензин мен дизель отынынан басқа мұнай өнімдерін сатуға тыйым салады. Шикі мұнайды өңдеу кезінде алынатын жанама өнім 30 пайызды құрайды. Содан қойма мен резерваур лық толған. Өнімі өтпеген кәсіпорындар жұмысын тоқтатуға мәжбүр болыпты. Депутаттың айтуынша, шағын зауытқа жол ашылса, ішкі нарық биылдың өзінде отандық жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етіледі. Екіншіден, шетелдік бензинге тәуелді болмаймыз.
Бұл ұсынысты қолдамайтындар алынатын мұнай өнімдерінің сапасы мен қалдықсыз өндіріс мәселесін көлденең тартуы мүмкін. Өйткені, жер-жерде заманауи құрал-жабдық пен технология арқылы қалдықты барынша азайтып, таза өнім алып жатқан кәсіпорындар баршылық. Осыдан біраз жыл бұрын толлинг әдісімен Қытайдан жанар-жағар май алып едік. Біз шикі мұнай береміз. Шекараға жақын Шыңжаңдағы кәсіпорын одан бензин алып елімізге жөнелтетін. Міне, сол зауыттағы өңдеу «тереңдігі» 96 пайызға жетеді екен. Яғни небәрі 4 пайызы қалдық деген сөз. Қазір жаңартылып жатқан әлгі ірі 3 зауытта бұл көрсеткіш қандай болады? Сондай-ақ осы кәсіпорындардың бірі жоспарлы түрде жөндеу жұмыстары үшін жабылып жатса, қалған екеуі оның орнын жоқтатпауға қауқарлы ма? Бұл жағы әзірге бізге беймәлім.
Мұнай төңірегіндегі білікті маман Сергей Смирновтың есебінше, отандық бензиннің бағасында шикі мұнайдың үлесі 60, ал салық 15 пайызды құрайды. Ресейде қара майдың үлесі небәрі 6 пайыз. 60 пайызы салық ретінде бюджетке кетеді. Осыдан-ақ, бензин саудасының кімге тиімді екенін байқауға болады. Қайсыбір сарапшылар айтқандай, ресейлік компаниялар мен біздегі бітпейтін делдалға терістіктен бензин әкеп сату – ырғын пайда.