
Қазақстанның ең қымбат қазынасы мен құндылығы азаматтары десек, қоғамдағы барлық адамның өзара құрметі мен теңдік құндылықтары да қастерлі саналады. Зайырлылықтың айрықша белгісі де осы. Ел ішіндегі ынтымақ пен ауызбіршілік, қоғамды құраушы жандардың өзара түсіністігі мен сый-құрметі – елдегі тұрақтылықтың кепілі.
Қоғамда ынтымақтастық рухты қалыптастыру елдің тұрақтылығына тіреу болады. Алдыңғы толқын мен кейінгі буын арасындағы байланыс жүлгесінің үзілмеуі, қариялардың жастарға жол көрсетіп, жөн сілтеуі де ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті байыта түседі.
Қарттар демекші, бүгінгінің қарты қандай? Қазына қарттарымыз өмірдің базарынан қайтқанымен, қосар ақылы, айтар ойы, пайымды пікірі бар. Тек соның жылғасын жырып алмай, қоғамның ағысына қарай бейімдей білу керек.
Біздің «Алматы қалалық мешіттер ақсақалдары — Рухани жаңғыру дауылпаздары» қайырымдылық қоры»қоғамдық қорының төрағасы Берік қажы Әдиевпен сұхбатымыз да осы тақырып төңірегінде өрбіді.
Jas qazaq: Берік аға, өзіңіз басшылық ететін қоғамдық қор қарттар арасында түрлі қайырымдылық іс-шараларды жиі ұйымдастырады.

Берік Әдиев: Батыр Бауыржан Момышұлы атамыз, жалпы қарттықты, қариялық кезеңді, жаңылмасам, төрт атаумен атайды. Қария жасына жеткендерді шал, қария, ақсақал, абыз деп тарқатады. Мұны үлкендердің өзінен кейінгі буынға көрсететін қамқорлығы мен пайдасы, қоғамға тигізер шарапатына қарап бағамдаса керек.
Біз жақында Алматы қаласындағы қуыршақ театрында 85 жасқа келген белгілі актриса Айымторы Тайғаринова әженің мерейтойын өткіздік. Жастарға үлгі болсын, өмірлік тағдырында талай жайттың куәсі болған әжемізден ғибрат алсын деп ұйымдастырдық. Өте әсерлі кеш болды. Қоғамды, оның ішінде қазіргі жас буынды біз бағытынан айнып, басқаға еліктеушілікке тез бой алдырады деп реніш айтып жатамыз. Ол да рас. Бірақ жас шыбықты қалай қарай исең, солай бағыт алады, илігеді. Біз өзіміз дұрыс бағыт көрсетіп, тура тәрбие беріп баули алсақ, мұндай қорқыныш болмайды. Қуыршақ театрында жас көрермендер мен қарттар арасында байланысты жақындатып, 85 жылдық мерейтойын арнайы өткіздік. Қазына қарттардың аузынан шыққан ғибратты сөздерді, даналық ойларын жастар тыңдап, өте әсерлі кеш болды. Өзің сұрап отырған қоғамның ынтымақтастық рухын қалыптастыруға үлес қосу осындайдан басталады.
Былтырғы жылы біздің қайырымдылық қорымыздың да әсері тиіп, 34 адамды кіші қажылық яғни ұмра сапарына жіберуді жүзеге асырдық.
Jas qazaq: Қарттар арасында түрлі спорттық шараларды да ұйымдастырып өткізіп жүрсіз.

Берік Әдиев: Қоғамда зейнет жасына шыққаннан кейін қариялардың кейбірі өзін жалғыз сезініп, ортадан саяқтап қалғандай болады. Қазақ тегін айтпаған «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген тәмсілді. Қарттар – бір-бір үйдің ғана емес, елдің қазынасы, ынтымақ пен ырысты ұйыстырушысы. Кезінде ақсақалдардың баталасуы талай қордалы мәселенің түйінін шешуге септігін тигізген. Міне, сондай абыздардың, дана қарттардың бүгінгі жалғасы, ізін басушы буынның да қоғамнан жырақтамауын қадағалау керек. Осыны мақсат тұтып, қарттар арасында шахмат пен дойбыдан турнир өткіздік. Ауған соғысы ардагерлерінің қауымдастығымен бірлесіп өткізген шарасында өзің айтып отырған ынтымақтастық пен ұрпақ сабақтастығы қабысып жатты. Бұл, біріншіден, салауатты өмір салтын ұстануға үндесе, екіншіден, қарттардың арасындағы ынтымақ пен бірлікті бекем етіп, байланысты нығайта түседі.
Jas qazaq: Өткенде әлеуметтік желіде бір бейнежазба тарады. Қоғамдық көлік ішінде жас жігіт, шамасы студент болуы керек, ақ самайлы өзінің анасында адамға «Мен орнымды бермеймін, не істейсіз?» деп шатынап зіркілдеп жатыр. Бұл отбасылық тәрбиенің осалдығы ма, әлде ортасынан көргенін қайталау ма? «Анаңа ауыр сөз айтпа, атыңа ауыр жүк арта» деп тізгіндеп отыратын халықпыз ғой.

Берік Әдиев: Бізде ақсақалдар кеңесі деген ұғым-түсінікті нығайту керек. Неге десеңіз, қарттардың салмағы басым, сөзі өтімді болғанда теліңді де, тентегіңді де тезге салу оңай. Біз қашанда сөзге тоқтаған халықпыз. Қарттар институты, ақсақалдар кеңесі қарқынды жұмыс істеп, мектептен, тіпті балабақшаның мектеп алды даярлық тобына баратын балақайлардан бастап мектеп оқушыларымен жиі кездесу ұйымдастырылып, үлкен мен кіші арасындағы қарым-қатынас, құрмет, інінің ізеті мен ағаның қамқорлығы, әкенің қорған бола алуы мен атаның ақылын айтар даналыққа жетуі секілді жәйттерді балалардың көкірегіне құю керек. Кешегі өткен бабаларымыздың ғибратты ғұмыры, ел мен жердің аманатын арқалап, етігімен су кешкен батырлардың болмысы, қайраткерлердің азаматтық істері турасында үнемі айтылуы керек. Сонда қоғамдағы ынтымақтастық рухы қалыптасып, нығая түседі.
Jas qazaq: Қор қаржысына қарттар үйіндегі жандарға, өзге де ақсақалдарға қамқорлық көрсету бағытында концерт өткізгеніңізді б ілеміз. Мұның барлығы да қоғамда ақсақал мен жастар арасында алтын көпір орнатудан туған мақсат қой?

Берік Әдиев: Біз қарттарды тек қазан айында қарттар күні қарсаңында ғана іздемеуіміз керек. Бұл кісілер қоғамға әр кез қажет. Дау-шарға барғанда қалқаның секілді, сөзімен, кесімді пікірімен тіліп түсер алмас қылышың секілді! Қайырымдылық қорға түрлі демеушілер, қайырымды жандардың аударған қаражаты есебінен сыйлықтарымызды алып, концерттік бағдарлама ұйымдастырып, қазыналы қарттарымыздың көңілін көтеруді дәстүрге айналдырып, үнемі өткіземіз. Эстрада әншілері келіп қарттармен кездесіп, сауалына жауап беріп, әнімен көңілін өсіреді. Ұрпақ сабақтастығы, буын байланысы деген осы. Қоғамда ынтымастастықтың рухын осылай да маздату қажет.
Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет