
Мұнайдың үстінде отырған елде жанармай құю бекеттері жабылып жатыр. Себеп: бензин тапшы.
Сәуірдің алғашқы күндеріне дейін ең өтімді АИ-92 маркалы бензин бағасы 150-156 теңге аралығында сатылып келген еді. Баға бірден шарықтағаны сонша, солтүстік өңірлерде 20 теңгеге дейін өскен.
Парламент Мәжілісінің мінберінде осы мәселені депутат Альберт Рау да көтерді. Бұған дейін де баға сан мәрте өсті. Жауапты мекеме басшылары бағаның өсуін импортқа тәуелділік және мұнай өңдеу зауыттарына жөндеу жұмыстары жүргізілгендігімен байланыстырған. Бұл жолғы қымбаттаудың да себебі Атырау мұнай өңдеу зауытындағы авариялық жағдаймен сабақтасып жатыр екен.
Энергетика министрлігінің айтқан уәжінен ұққанымыз, бағаны бақылау министрлік түгілі мемлекеттің құзіретінде емес екен. «Мұнайдан алынатын өнімнің құнын реттеуге мемлекет араласа алмайды. Бағаны нарықтың өзі реттейді. Бензинді 2015 жылдан, ал дизель отынын 2016 жылдан бастап мемлекет бақыламайды» деген энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мұнай өнімдерін арзандату мемлекетке тиімсіз тәсіл екенін де баса айтты. Оның айтуынша, мұнай бағасы арзан болса, көршілес елдер өз мүддесіне пайдаланып кетеді-мыс. «Көлеңкелі экономика» көлемі артып, мұнай өнімдерін түрлі жолдармен тасымалдау пайда болады. Мұның ақыры еліміздің мұнай өңдеу саласын шығынға ұшыратады екен. Міне, осындай маңызды себеппен бензин бағасын нарықтың өзі реттегені дұрыс болса керек.
Көктемгі егіс науқаны қызатын шақта жанар-жағармайдың бағасын көтеру біздің елде «жоспарлы шаруаға» айналғалы қашан. Шаруаның бел шешіп кірісетін науқаны кезінде шарықтаған баға күзгі жиын-терім тұсында да аспандайды.
Солтүстік Қазақстан облысында АИ-92 маркалы бензин бағасы 179 теңгеге жетті бүгінде. Батыс Қазақстан облысындағы кейбір жанармай құю бекеттері есігіне құлып салды. Ал бензин сатушы бекет иелері «әр адамға 5 литрден артық сатылмайды» деп шектеу қойған. Облыс орталығы Оралдан шалғайдағы ауылдарда бензиннің бағасы 200 теңгеден сатылып жатыр екен. Шағын жанармай құю стансалары жабылғандықтан, іргелі бекеттерде ұзын-сонар кезек. «Атырау мұнай өңдеу зауыты» жұмысын уақытша тоқтатып, батыс аймақтарға жанармай «Шымкент мұнай өңдеу» зауытынан жеткізілуде. Демек тасымал құны артып, ол да бағаға әсер еткен.
Мұнай бағасы әлемдік нарықта қымбаттаса, бензин бағасы да көтеріледі. Бірақ мұнай арзандаса, біздегі жанармай бекеттеріндегі баға еш мызғымайды.
«Үйдегі бағаны базардағы нарық бұзады» дегендей, бензин бағасының көтерілгені азық-түлік саласына да әсер етеді. Алматыдағы орталық көтерме базардың сатушылары да бензин бағасының құбылуына наразы. «Халыққа обал, мәселен, бүгін күнбағыс майы бірден он теңгеге қымбаттады. Ресей мен Қытайдан жеткізілетін тауарлар да қымбаттап жатыр. Себебін ешкім түсіндірмейді. Азын-аулақ зейнетақысы мен жалақысынан жырымдап базарға сауда жасауға келген алушыларды аяйсың. Тауардың бағасына үстеме тағы қосылды деп оларға айту бізге де оңай емес», – дейді сатушылар.
Мұнай өнімдерінің бағасын арзандату «қара алтынның» үстінде отырған елге тиімсіз, ал қара халық үшін қымбатшылық тиімді ме сонда?
Қуаныш Рахмет