
Алматы қаласының тарихын тереңнен аламыз. Талай ғасырды, талай тарихи оқиғаны бастан кешкен Алматының тарихын бір мақалаға жинақтау мүмкін емес. Алматының тарихын тереңінен білу үшін қаламыздың шежіресінен сыр шертетін Алматы қаласы тарихының музейінде болу артық етпейді. Құрылғанына 19 жыл болған музей қорында қазіргі таңда 40 мыңға жуық экспонат жинақталды. Экскурсия барысында музейге келушілерді ең бірінші қызықтыратыны — ХІХ ғасырдағы Алматының көрінісі. Бүгінгі күнге дейін сақталып келген архитектуралардың тарихын, соның ішінде Вознесенск шіркеуі, гимназия ғимараты, «Қызыл таң» сауда үйінің салыну тарихын айтқан кезде музейге келушілерді ерекше әсерге бөлейді. Тіпті, міне, «сіз кіріп келген музей ғимараты да ХІХ ғасырдың көркем туындысы. Бұл ғимарат бастапқыда жетім балалар үйі ретінде салынған, ал осы ғимаратқа қарсы орналасқан «Қарғалы» саябағын сол заманда жетімдер үйінде тәрбиеленген балалардың көмегімен отырғызылған деп» баяндай жөнелсең, музейге келушілер: « еее, біз көріп жүрген және онша мән бермей жүрген қала ортасындағы бір қабатты үйлердің өзіндік сыры, өзіндік айтар ойы бар екен ғой» деп ой түйіндеп қайтады. ХІХ-ХХ ғасырларға тиесілі Алматыдағы әсем ғимараттардың авторларының бірі – Зенков Андрей Павлович.Бүгінгі мақаламызда Алматының тарихының бір бөлігін танымал сәулетші А. Зенковтың музей қорында сақталған жеке заттары арқылы жеткізбекпін.

А.П. Зенков – сәулетші, құрылыс инженері. Санкт-Петербургтегі Николаев инжинериялық академиясын бітірген (1893). 1898 жылы Қазақстанға қоныс аударып, Верный қаласына (қазіргі Алматы) қоныстанған. 1907-1917 жылдары Жетісу облысы инжинерия басқармасында жұмыс істеді. Жер сілкінісіне төтеп беретін ағаш үйлер салумен, жер сілкінісіне төзімді құрылыстар жобасын жасаумен шұғылданды. Зенковтың жобасымен салынған үйлер: Верный әйелдер гимназиясы (1904 ж, қазіргі Алматы мемлекеттік университетінің көркемсурет-графика факультетінің корпусы), Кафедралық собор (1907), Верный әскери мәжіліс үйі (1908 ж, қазіргі Қазақ халық музыкалық аспаптар музейі), Верный сауда үйі (1912 ж, қазіргі «Қызыл таң» мата үйі), т.б. Кеңес үкіметі жылдары А. Зенков Алматыны қайта салуға қатысты. 1927 жылы губерниялық инженер, одан кейін Қазақстанның Халық комиссарлары кеңесі жанындағы Құрылысқа бақылау жасау басқармасының бастығы болды. Ресей мен Түркістанның бірсыпыра ғылыми қоғамдары мен қоғамдық ұйымдарына мүше болды, баспасөз бетінде тарихи және этнографиялық материалдар жариялады. Көк базардан басталып, Гогольден аяқталатын көше А.Зенковтың есімімен аталады.
Андрей Зенковтың тек инженерлік және құрылыс жұмыстарымен ғана шектелмеген. Ол кескіндемені де ұнататын. Оның жеке коллекциясында «Кентаврлар» деп аталатын бір ғана сурет сақталған. Сонымен қатар өлең шығаратын ақындық қасиеті де бар. Олардың кейбіреулері «Семиреченские областие ведомости» газетінде жарияланды. Андрей Зенковтың өлеңдерімен (және олардың саны 50-ге жуық) альбом Виталий Бакуревичте сақталған. Ол олардың барлығын «Белгісіз Зенков» кітабына енгізді. Көптеген өлеңдер Зенковтың отбасын, достарына арналған. Бір өлеңі 1921 жылғы селге арналған. Әлеуметтік немесе саяси мазмұнмен толтырылатындар да бар (мысалы, «Антихрист»)
Алматы музейі қорында тарихи оқиғалардың куәгерлері, өткеннің рухын сіңірген таңғажайып экспонаттар сақталған. Оның ішінде сәулетші, құрылыс-инженері Андрей Павлович Зенковтың есіміне қатысты материалдар бар. А. Зенковтың жеке заттарының ішінде көңілімді ерекше аудартатын экспонат, ол – қойын дәптері. Қойын дәптердің бірінші бетін ашқан кезден бастап А.Зенковтың талантты әрі шығармашылықтың адамы екенін бірден көруге болады. Мұнда архитектураның эскизы, сметасы, өзі шығарған өлең жолдары, түрлі суреттер, орысша-қазақша сөздік және тағы басқа мәліметтер сақталған. Болашақта мүмкін бұл қойын дәптерді сәулетшілер, суретшілер, тіл мамандары, филологтар, тарихшылар, графологтар зерттесе, А. Зенковтың біз білмейтін әлі де тұлғалық қасиеттері ашылар ма екен? Мысалы, өз қолымен жазылған жазуға қарап А.Зенковтың мінезі мен психологиялық жағдайы туралы біраз ақпарат алуға болады. Әрине, нағыз графолог маманы емеспін, бірақ қазіргі дамыған ақпарат заманында ғаламторды шарлау барысында ұққаным А. Зенковтың әсем дөңгеленіп, бір қалыпты, ұқыпты жазуына қарап, талғампаз, кербез, қимыл-қозғалысы баяу жан екені көрінеді.

Дәптер 80 беттен тұруы мүмкін. Беттердің көбі жыртылған. Қолымыздағы дәптер 19-беттен басталып, 65-бетке дейін. Және ортасындағы 52-беттен 65-ші бетке дейін арнайы қайшымен қиып алынған. Ең өкініштісі, орысша-қазақша сөздігінің алғашқы «А» бөлімі жоқ. Кейде өзімше ойланамын: «осы сөздікті бастап жазар алдында қысқаша қазақ тілі туралы аннотация берілген бе» — деп. Дәл сол жері жыртып алынған.Сөздік «А» әрпінен басталып «Я» әрпіне дейін жүйеленіп жазылғандықтан, мүмкін арнайы орысша-қазақша сөздіктен көшіріліп жазылған болуы керек. Бұған дейін В.В. Катаринскийдің «Краткий русско-киргизский словарь» (Орынбор, 1894ж), «Русско-киргизский словарь» (Верный, 1912ж), сияқты еңбектер жарыққа шыққан. XIX ғасырдың II жартысынан бастап екі тілді сөздіктерді жасауға орыс авторларымен қатар, қазақтардың өздері де қатысқан. Олар: Е.Букин, Н.Жетпісбаев, Ж.Көшербаев, М.Машанов, Т.Бокиндер.Осы еңбектің бірінен көшірілуі мүмкін. Бұл сөздіктердің дені орысша-қазақша және қазақша-орысша екі тілді болып келеді және олар күнделікті мұқтаждықты өтеу үшін, яғни орыс әкімшілігі мен жұмыс бабындағы орыс адамдарының Ресей империясы қол астына қараған халықпен қарым-қатынас жасауына көмектесу мақсатымен түзілген. Сол жұмыстардың нәтижесін осы қойын дәптерден көруге болады. ХІХ ғасырда нағыз қазақ жерінде орыстың саясаты дүркіреп, қызыл империяның қанды қылышына қан тамып тұрған заманда А. Зенковқа қазақ тілін меңгерудің астарындағы мәні осында болуы керек? Әрине, Алматыны қайта құруға ат салысқан, Верный қаласының ең беделді азаматынан бұл саясат А.Зенковты айналып өтуі мүмкін емес.
А.Зенков қазақ тілін үйрену барысында теориямен қатар, практика жүзінде де қолдана отырып үйренген.
Верный 1900 жылдың бас кезінде дворяндық патшалық шенеуліктердің, бай-манаптардың провинциялық қаласы болып қала берді. Пугасов, Иванов, өзге де ірі көпестердің шарап және сыра зауыттары, Колпаков пен Пестовтың тері илейтін ұсақ кәсіпорындары Верныйдағы негізгі өндіріс ошақтары болды. Жетісу жәрмеңкелерінен сан мыңдаған мал сатып алып, жүн, тері шикізатын өндіретін Тәжібай Малдыбаев, ағайынды Қуанышевтер, Ғали Ордабаев, М. Пұсырманұлы секілді кәсіпкерлердің есімі елге жайылды. Жетісуға одан қалса, бүкіл Ресей патшалығына аты дүркіреп тұрған І және ІІ гилдиялы (миллионер) кәсіпкерлер белгілі, танымал сәулетші А. Зенковтың жобасымен өздерінің жеке баспаналарын және сауда орындарын салдырды. Соның бірі М. Пұсырмановтыңәсем салынған сәулетті үйіқала орталығындағы Қабанбай батыр және Масанчи көшелерінің түйіскен жерінде сәулетші А. Зенковтың жобасы бойынша тұрғызылды. Төбесі қаңылтырмен салынып, ағаштан әшекей ойып салынған бес бөлмелі Медеу үйінің бөлек моншасы да болған. Бұл үйдің орнына кейін «Целинный» кинотеатры мен Никольск базары бой көтереді. 1905-1906 жылдары Медеу Пұсырманұлы Меккеге сапар шегеді. Меккеден қайтар жолда Петербургке соғып, сонда түскен фотосуретінің бірін А. Зенковқа сыйға тартқан.
Шағын қалада белгілі, танымал азаматтардың бірге дәмдес, әрі сырлас болмауы мүмкін емес. Мұндай жақын қарым-қатынаста болужан-жақты, сауатты архитектор үшін маңызды. Сондықтан А.ЗенковВерный қазақтары М. Пұсырманов, Ғ. Ордабаев, Т.Бокин, ағайынды Қуанышевтер, Тәжібай Малдыбаев, Барлыбек Сыртанов т.б. осы секілді белгілі танымал қала тұрғындарымен жақын қарым-қатынаста болған. Тіпті орысша-қазақша сөздікті Тоқаш Бокиннің Верный қаласынан 1912 жылы шыққан сөздіктен көшіріп алуы да мүмкін. Верный қазақтарымен жақын араласа отырып, жергілікті халықтың салт-дәстүрін, мәдениетімен таныса жүріп, сол елдің тілін үйренуге мән береді. Сауатты, білімді, талантты А. Зенковтың қазақ тіліне деген қызығушылығы болған, әйтпесе, мұншама сөздікті жеке дәптеріне жазбас еді. Және де күнделікті тұрмыста қолданатын қазақ тілін меңгерген деп топшалай аламыз.
Дарынды суретші, сәулетші әрі ақын Андрей Зенков өзінің саналы ғұмыры мен еңбек жолын Алматы қаласын қайта салуға, қаланың өркен жайып, дамуына арнады. Оның жасаған таңғажайып туындылары әлі күнге дейін қаламызға сән беріп, өткен тарих беттерінен сыр шертіп келеді. Қазақ халқы жігіттің серісін: «сегіз қырлы, бір сырлы» деп жеткізгендей, осы теңеу А.П. Зенковты сипаттағандай көрінеді. Өз ісіне адал, әрі тиянақтылықпен бітіретін, Ресей патшалығы мен Қазақ елі арасындағы достық қарым-қатынасқа себепкер Андрей Зенковтың өмірі өскелең ұрпаққа үлгі болып қала береді.
Н.Мұсаева
Алматы қаласы тарихы музейінің ғылыми қызметкері