
Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.
«Заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді. Қарызы бар азаматтар 2023 жылдың наурыз айынан бастап банкроттыққа арыз бере алады. Заң 3 түрлі – соттан тыс банкроттығы, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдерін қарастырады. Барлық үш рәсімді тек борышкер ғана бастайды, яғни несие беруші немесе өзге кредитор борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ, — деп атап өтті Е.Біржанов.
Бірінші рәсім соттан тыс банкроттық тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін.
Бұл рәсімді қолдану үшін келесі шарттар болады:
1. Банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар алдындағы берешек 5,5 млн теңгеден (1600 АЕК) аспаса;
2. өтініш берген күннен бастап қатарынан 12 ай ішінде міндеттемелері өтелмеуі тиіс;
3. мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік жоқ болуы;
4. банкпен берешектер бойынша жұмыс жүргізу;
5. банкроттық 7 жыл бойы қолданылмау қажет.
Сонымен қатар заң жобасында 6 ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар үшін, оған қоса, 5 жылдан астам уақыт қарызы өтелмеген азаматтар үшін ерекше жағдайлар қарастырылған.
Соттан тыс банкроттық «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы рәсімделеді. Содан кейін ақпараттық жүйе арқылы борышкердің кіру өлшем шарттарына сәйкестігін анықтау мақсатында мүдделі мемлекеттік және басқа органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізіледі.