jasqazaq.kz

Балгердің болжамы

04 ақпан 2017, 16:20

Сенбі. Әдеттегідей демалыс. Осы күнді пайдаланып қаланы серуендеуге шықтым.  Қыс болса да, Алматыда күн жылы. Түркiстан сауда кешенiнен бастап, Райымбек даңғылына дейiн созылып жатқан гүлзарды аралап келем. Жазда ағаш арасы салқын, нағыз гүлзар болушы еді. Қазір бақсы-балгер, құмалақшылардың шоғырланған ордасына айналған. Тұрғылықты орны десеңiз де болады. Олар қысы-жазы, жыл он екi ай осында. Бұл жерде небәрi 10-20 минут iшiнде ашылмай жүрген бағыңызды «ашып», жоғалтқан жоғыңызды «тауып», ауырған басыңызды «жазып», кеше не болғанын, тiптi ертең не боларын да айтып береді. Мәселеңiздiң күрделiгiне байланысты бұл қызмет түрiнiң ақшасы да жоғарылай береді. Осыдан тура бір жыл бұрын, осы арада отырған құмалақшы Жібек апайдың қырық бір құмалағын шаштырғам. Балгерге  сенбесем де қызық көріп, не айтар екен деп болашағымды болжатқам. Сол кездегі апайдың маған айтқан көріпкелдігі былай еді. «Сен өзіңнен 20 жас үлкен кісіге тұрмысқа шығасың. Ол сені шетелге алып кетеді. Сен елден жырақта өмір сүретін боласың» – деді. Соны айтқан таныс апайым жұмыс орнында әлі отыр екен.

 

Бұл кісі мені тани ма екен, тағы бір рет құмалақ салдырып көрсем, не айтар екен деген сансыз ой жетектей жөнелді. Жүрексiнсем де, алдына бардым. «Отыра ғой, қызым» – деп орындықты нұсқады. Жайғасып отырып алғаннан кейiн   бағасын сұрадым. «Негізі 1000 теңгеден жоғары, одан төмен алмаймын» – деп кескін сөйлеп отыр. Былтыр бұл кісінің ставкасы 500 теңге  болатын.

Жібек апайым қырық бір құмалағын араластырып жіберіп болжамын бастап кетті. Бір таңқалғаным – Жібек апайдың болжамы өткен жылғы айтқанымен бірдей шықты. Бұл жолы өзімнен үлкен кісіге емес, жасы әлдеқайда кіші жігітке тұрмысқа шығады екем. Тағы да сол «Өз еліңде қалмайсың. Шетелге кетесің!» – дегенді айтты.

Иә, балгерім мені тағы қатырды, шетелге әкететін ағайды өңімде емес, түсімде де көрген жоқпын. Енді өзімнен жасы кіші жігітті қайдан табамын? «Сіз маған осыдан тура бір жыл бұрын дәл осы болжамды айтқан едіңіз. Биыл да қайталап отырсыз. Сонымен мені шетелге кім әкетеді: егде кісі ме, уыздай жігіт пе?» – деп қадалдым.

Көріпкелім саспайды. «Қызым, құмалақ не дейді, мен соны айттым. Басқасы өз қолыңда» – деп қарап тұр. Құмалақшылар өз сөзіне жауап бермейтінін бұрыннан білетінмін, бірақ мына кісінің «Басқасы өз қолыңда» дегені жүйкеме қатты тиді.

Өткен күнімді есіме түсірдім. Шетелге кетпек түгілі, былтыр ең ұзақ сапарым Астана мен Павлодар болыпты. Шетелге кетіп қалмасам, келесі жылы тағы да келемін. Сонда көремін Жібек ханымның жібектей созылғанын?..

Мақпал Ноғайбаева

jasqazaq.kz

29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде
22 шiлде, 19:06
Алматы: Өндірістік ауданда тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасып келеді
22 шiлде, 15:09
Қазақстан – Еуроодақ: Экономикалық дипломатияға басымдық
16 шiлде, 15:27
Ержан Жаров: Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – жаңа заңның басты мақсаты