Бүгінгі қиял, ертеңгі ақиқат

09 қыркүйек 2016, 16:23

7914695eb5b4fcedf8975ea335a760b0

 

Ақын Қажытай Ілияс ағамыз көзі тірісінде бір әңгіме айтып еді. «Кезінде «Ара» журналындағы фельетонға ілініп кеткен басшы сол күні-ақ қызметімен қоштасатын. Журналист пен қаламгерліктің «алтын ғасырын» бір кісідей бастан кешкен бақытты ұрпақ екенбіз. Қазіргі тілшілерді аяймын: тіліп айтады, сойып жазады – бірақ сөзін тыңдап жатқан ешкім жоқ» – деп еді. Сол «алтын ғасыр» қайтадан орнайтын сияқты.

Сөзіміздің дәлелін айтайық. Өзіміздің «жекеменшік» министріміз – Дәурен Абаевты Елбасы қабылдаған сайын көңілім марқаятын болды. Осы аптада тағы да шақырды. Екеуара әңгіменің өзегі – Елбасы ақпарат саясатына айрықша көңіл бөлетінін жеткізді. Сондай-ақ тиімді ақпараттық саясат жүргізудің, елдегі медиа кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Елбасының «Министрліктің қызметіне тікелей өзім және Президент Әкімшілігінің басшысы бақылау жасайды. Басқа тұлғалардың араласуына жол берілмейді» – деп қадап айтуы тегін емес. Бұл – бұдан былай ақпараттық сала қызметкерлері – журналистердің көтеретін жүгі ауырлағанын, сөздің тегін айтылып, босқа жазылмайтынын көрсетсе керек.

ХХІ ғасыр – ақпараттық соғыс майданы. Көрші елдердің қай-қайсысын қарап отырсаңыз да, БАҚ-ын бақылаудан шығарған бірі жоқ. Бәрі баспасөзіне қырағы. Көрші өзбектерді қараңызшы, тәуелсіз БАҚ – деп бас-басына бақылдап отырған бірі жоқ. Ұйыған айрандай.

Қытай екібастан сөз қадірін біледі. Сұрақ-жауапсыз ешнәрсе жаздырмайды. Ал жазылған екен, мәселе күн тәртібінде қаралып, ақ-қарасы анықталады. Содан шығар, Аспан асты еліндегі журналистердің әлеуметтік мәселесі шешілген. Құқығы қорғалған.

Түркияны айтайық. Бұрын саржағал басылым мен оппозициялық газет мол болатын. Қазір бәрі ретке келіп жатыр. Билік ақпараттық саланы өз қарауына алған. Олар да медиа кеңістіктің қауқарына көзі жетсе керек. Сондықтан елдің ақпарат айдынына көлденең көк аттының кіріп кетуінің алдын алуда.

Ал біздегі жағдай қалай? Мәз емес. Сайттардағы сауатсыздықтан көз шалынады. Кез келген ақпаратты рейтинг үшін сала беруді әдетке айналдырдық. Instagram мен Facebook әріптестеріміздің азығына айналғаны қашан. Ол туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Бірақ бақылау жетіспей тұр. Саясаттанушы Айдос Сарым «Соңғы кезде орыс түгілі, қазақ сайттары руымызды түгендеп, санын санауға қайта кірісіпті. Бұл да қазаққа қарсы шабуылдың патшалық Ресейден келе жатқан түрі. Түбі — қазақты бөлу, біріне-бірін айдап салу, іріту. Тіпті жарияланған деректері ғылыми не статистикалық тұрғыдан еш сын көтермейді», – деп Фейсбуктегі парақшасына жазды.

Елбасы ақпараттық саладағы басшылардың біліктілігін де тілге тиек етіпті. «Біздің талапқа сай келетін, шет тілін меңгерген және ақпарат кеңістігінің басты үрдісіне сапалы талдау жасай алатын маманды таңдау керек. Жалпы, мемлекеттік ақпарат саясатының мәселесі менің басты назарымда» – деді.

Бөркіңді ат, қазақ журналистері! Бұдан былай ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігі назарға алынып, БАҚ бұрынғыдай қараусыз қалмайды. Онда баспасөзден ықпайтын дөкейлер мен жуандар бұдан кейін тілшінің алдында құрақ ұшсын деп үміттенейік! «Тыңдамаса сөз жетім» деуші еді, енді сөзіміз керекке жарап, баспасөзіміз ретке келіп, бір тәртіпке түсетін болады. Бұл бүгінгі қиял, ертеңгі ақиқат болғай!

 

Жарас Шөке

Бүгін, 11:30
Әлішер Сатыбалдиев: Индустриалды аймақ Алматы экономикасына серпін береді
27 наурыз, 16:38
Ұсақ-түйек емес: шұлық өндірісіне де қолдау қажет!
27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр