
«Алтайдың асау ақыны» аталып кеткен, белгілі айтыскер Ержанат Байқабайұлы туған жеріне қоныс аударды. Жүрегі елім деп соққан жалынды ақын жуырда шығармашылық кешін өткізуге дайындық үстінде. Ақынның болашаққа жоспары мен шығармашылығы аясында өрбіген сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Жас қазақ: Ержанат, ең алғашқы сұрақты туып-өскен жеріңізге, балалықтың бал күндерін бастан кешкен уақытқа шолудан бастасақ.
Ержанат Байқабайұлы: Мен Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Алтай аймағының Алтынтау қаласы Ертіс өзені бойында қарапайым отбасыда дүниеге келдім. Туған ел-жұртымның ақ батасы мен үкілі үмітінің арқасында ақындық дейтін ақ жолға түстім. Бойға біткен дарын мен тақым қысар ағайын-туыстарымның арқасында 1996 жылы Алтай аймақтық 11-кезекті ақындар айтысына қатысып, Қытай қазақтарындағы тұңғыш бала ақын атандым. Осылайша, қасиетті өнерге алғаш қадам бастым.
Жас қазақ: Ақындық өнер ата-бабадан дариды деп жатамыз. Ал сіз осы өнерге қалай келдіңіз?
Ержанат Байқабайұлы: Көп ақындар нағашым ақын болған екен, болмаса арғы атам жыршы болған екен деп жатады. Бірақ мен ойлаймын бұл миллиондаған адамның ішіндегі біріне ғана берілетін Жаратқанның бағы. Себебі қазақтың қанында бар өнер маған дарыды. Сөз киелі нәрсе болғандықтан, сөз қадіріне жеттім деп ойлаймын. Арғы атамды айтатын болсам, Сегіз сері, Біржан салдың ұрпағымын. Жалпы мен қазақ болғандығымнан осы өнер дарып, қадіріне жеттім.
Жас қазақ: Ержанат сіз, Қытайда ақындық мектепте тәлім алдыңыз. Қазір туған жеріңізге оралдыңыз. Екі елдің ақындық мектебінде айырмашылық бар ма?
Ержанат Байқабайұлы: Айырмашылық көп. Енді біздегі ақындардың көбісі ауылдан шықты. Ал елдегі Мұхамеджан Тазабеков, Бекарыс Шойбеков, Айнұр Тұрсынбаева сынды ақындарды кіл мықты деп санаймын. Сөзге бай қазақтың сөздік қорының «жілігін шағып, майын ішкендер» дер едім. Бізде де «Құрманбек», «Жамалхан» мектебі сынды үлкен айтыс үйірмелері бар. Қазақ елінде айтыс белгілі бір ұйымның немесе жеке демеушінің қолдауымен өтеді. Ал бізде айтысты үкімет қаржыландырады. Пекиннен бастап орталыққа дейін ақындар айтысын қатты қолдайды. Жыл сайын ауыл, аймақ, аудан, облыс болып айтыс өтеді. Біздегі ақындардың ерекшелігі бір-бірімен тап беріп айтысады. Ол дегенім – қарама-қарсы қойылған сұраққа жауап беру арқылы айтысу. Екі ақын екі арнамен кетіп қалмайды, яғни тұтасып айтады. Бізде бәріне ортақ бір ғана тақырып болады. Сол тақырыпты қозғап, жыр ортасында айтып кетуіңе болады. Бірақ көпұлтты халықтан құралғандықтан, ел бірлігі, татулығы жырланады. Тек саясатқа, белгілі бір әкімдер туралы айтуға болмайды. Ал түйткілді мәселені астарлап жеткізуге болады. Әрбір ақын өзінің ішкі дүниесімен жақсылықты да, жамандықты жырға қосады. Ал біз белгіленген шеңберден шықпауымыз керек.
Жас қазақ: Халық арасында кеңінен насихатталып, танылған әніңіз бар ма?
Ержанат Байқабайұлы: Иә, әрине! Ақын болғаннан кейін шабыт деген қоса жүретіні белгілі. Сондай бір сезімге толы уақыттарда жазған өлеңіме композиторлар ән жазып, халық арасында шырқалып жүр. Атап айтар болсам, Тоқтар Серіков ағамыздың орындауындағы «Мақпалжан» әні. Сонымен бірге халқымызға танымал болған «Қара жорға» әнінің де сөзін жазғанмын. Ол бүгінде халық биі «Қара жорға» болып танылып кетті.
Жас қазақ: Айтыс өнерінде үлгі тұтатын ақындарыңыз бар ма?
Ержанат Байқабайұлы: Айтыстағы үлгі алып, бой түзеген ағаларым деп Еркін, Шәкен, Әбдіғали, Құрманбек, Жамалқан, Қайрат сынды тарландарды айтар едім. Сонымен қоса, айтыс деген сөзбен есімі қатар аталатын теңеу сөздің төресі Оразәлі Досбосыновты ерекше айтар едім. Ораз менің айтыстағы құбылам болды десем артық айтпаған болар едім. Ал бүгінгі айтыстың жүйріктері Балғынбек Имаш бастаған Айнұр Тұрсынбаева,Ринат Зайытов, Сара Тоқтамысова сынды ақындарымыз. Өскелең ұрпаққа айтыс өнерінің үлкен үлгісі болып үлгерді. Айтыс ол біздің, халықтың болмысында бар, қанында жүрген қасиет болғандықтан, мен қазақ өнеріне, оның ішінде айтыстың болашағы жарқын болатынына сенімдімін.
Жас қазақ: Жуырда Алматыда шығармашылық кеш өткізгелі жатыр екенсіз. Сол жайлы айта кетсеңіз?
Ержанат Байқабайұлы: Мен ең әуелі осындай бейбіт елде ғұмыр кешіп жатқанымызға шүкір деймін. Шүкір, көк байрағымыз желбіреп, аспанымыз ашық, тату-тәтті ғұмыр кешкеннен асқан бақыт жоқ шығар. Енді отаныма бір жолата көшіп келіп жатырмын. Шалғайдағы қандастарымызды елге шақырып, өмір сүруге бар жағдайды жасап отырған Елбасымызға да алғыс айтқым келеді. Туған жерге, туған елге, Отанға деген сағыныш сезімі маған жақсы таныс. Тек мен емес елден жырақта жүрген кім-кімге болмасын, Атажұртқа апаратын жол ыстық көрінері сөзсіз. Сұрағалы, жылағалы келген жоқпын. Тек рухани дүниемді көрсету үшін келдім. «Мерей» баспасынан «Жүрекке түскен жол» атты кітабының тұсауы кесіледі. Осындай елдің сағынышын Атажұртқа аманаттап әкелсем деймін. Наурыз айының 25-жұлдызы күні мәдени астанамыз болған Алматы қаласындағы, Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармонияда «Жүрекке түскен жол» атты шығармашылық кешім өтеді.
Сұхбаттасқан
Мақпал Ноғайбаева