
Сан ғасырлық тарихы бар, мазмұны бай Наурыз мерекесі қазір мүлде жаңа сипатқа ие болды. Бүгінгі күні ол бауырмалдық пен мейірімнің, үміт пен сенімнің, ізгілік пен келісімнің бірлігіне айналды.
Наурыз мерекесі қарсаңында жылдағы дәстүр бойынша Астана әкімдігінің ұймдастыруымен көмекке мұқтаж отбасыларына азық-түлік себеттері тапсырылды.
«Бүгін Астана әкімдігі мен PetroRetail компаниясы арасында өзара іс-қимыл туралы Меморандумға қол қойылды. Меморандум шеңберінде осы жылдың соңына дейін компания елорданың мұқтаж отбасыларына 4 мың дана азық-түлік жиынтығы түрінде көмек көрсететін болады. Осы айда Наурыз мейрамының құрметіне мың отбасы көмек алады»,- деді елорда әкімінің орынбасары Есет Байкен.

Астана қаласы әкімінің орынбасары мен осы шараны ұйымдастырушылар мұқтаж жандарға көмектесіп қана қоймай, бүкіл ел бойынша орта және ірі бизнес субъектілерін қайырымдылыққа ерекше назар аударуға және белсенді болуға шақыруға ниетті екенін айтты.
«Qazaq Oil сауда брендімен PetroRetail компаниясы Наурыз мерекесі қарсаңында Астана әкімдігімен бірлесіп, қайырымдылық акциясын өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл бір реттік шара емес. Көтеріп отырған бастамамыз компаниямыздың қағидаттарына сәйкес келеді. Біз өзімізді әлеуметтік жауапты бизнес ретінде санаймыз. Өзгелер де осы бастаманы қолдайды деп ойлаймын», — деді өз кезегінде PetroRetail бас директоры Төлеміс Шотанов.

Еріктілер мен қарапайым тұрғындар қазір жалғызбасты зейнеткерлердің, ардагерлердің, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылардың, аз қамтылған отбасылардың және халықтың әлеуметтік осал топтарындағы басқа адамдардың үйлеріне мыңнан астам себет тапсырды. Олардың әрқайсысында ең қажетті азық-түлік өнімдері — ұн, қант, май, макарон, қарақұмық, күріш және т.б. бар. Бірінші кезектегі отбасына қажетті тауарлар сегіз үлкен авткөлікке жүк болды.

«Қайырымдылық акциясын ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Бұл бізге және басқа отбасыларға да үлкен көмек. Наурыз мерекесі қарсаңында осындай игі іс жасалды. Біз әкімдік пен кәсіпкерлер тарапынан ұдайы көмек пен қолдау алып отырамыз. Біздің жағдайымызды үнемі назарда ұстап отырғандарыңызға рақмет!» — деді көпбалалы ана Гульдария Мухамедиярова.
Астаналық Людмила Симакова да қайырымдылық шарасы аясында азық-түлік себетін алып, ұйымдастырушылар мен еріктілерге ризашылығын білдірді. «Елордамыз бен және еліміз гүлдене берсін. Мерекелік көңіл-күй сыйлағандарыңыз үшін рахмет. Осы және басқа да қайырымдылық шараларын ұйымдастырған азаматтарға алғыс айтамын», — деді ол өз сөзінде.

Ізгілікті шара игі дәстүрге айналып отыр. Әкімдік осы акцияны қолдай алатындардың барлығын сауапты істен тысқары қалмай, мұқтаж жандарға көп болып көмек қолын созуға шақырады.
Абзал Ибрагим