
Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында жұмысын бастаған Астана экономикалық форумында Еуразия экономикалық комиссиясының экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Тимур Сүлейменов осылай мәлімдеді. Оның пікірінше, табиғи ресурс бағасының қатты құлдырауы Еуразия экономикалық одағы елдерінің дамуына тұсау сала алмайды.
Ол алқалы жиындағы сөзінде: «Әлем қазір жаңа технологиялық кейіпке енуде. Соның бір көрінісі – энергияның дәстүрлі көздерінен басқаға ауысу. Әлбетте мұнай мен газ әлі әлемдік экономикада маңызды рөлін атқара береді. Бірақ ол әлсірейтіні сөзсіз. Меніңше, қара алтынның құны 100 долларды құрайтын заман келмеске кетті. Біз бұған бой ұсынуымыз керек» деді.
Министрдің пікірінше, тығырықтан шығатын жол бар. Тимур Сүлейменов: «Экономикалық өсімге апаратын жолдың бірі – ұлттық саясат. Оған бюджет, салық, ақша-несие, техникалық, өнеркәсіптік және т.б. жатады. Біз бүгін жан жағымызға қарап, көршіміздің іс-әрекетіне үңілуіміз керек. Себебі Еуразия экономикалық одағы әу бастан-ақ әлемдік экономикадағы қиыншылықтармен бірлесіп күресу үшін құрылды. Осыны ұмытпалық» деп мәлімдеді.
Екі күнге созылатын жыл сайынғы дәстүрлі форум «Жаңа экономикалық шынайылық: әртараптандыру, инновациялар мен білім экономикасы» деген тақырыппен өтіп жатыр. Басқосуға халықаралық ұйым, қаржы институты өкілдері, танымал кәсіпкерлер, әртүрлі елдердің бүгінгі және бұрынғы үкімет мүшелері, экономика және саясат сарапшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары шақырылған. Айта кетелік, биылғы жиынға Нобель лауреаттарынан Эдвард Прескотт, Кристофер Писсаридес, Томас Сарджент келді. Сондай-ақ, мәртебелі меймандардың ішінде әлемге әйгілі тұлға, қытайлық AliBaba Group ғаламтор саудасы саласындағы компаниясының негізін қалаған Джек Ма да бар.
Төлен Тілеубай
Астана