
Астанада қазіргі уақытта бір келі қанттың бағасы 450 теңгеге дейін аспандап тұр. Бұл жағдай Ұлттық экономика министрі Қуандық Бішімбаевты өндірісшілер және импорттаушылармен тікелей тілдесуге мәжбүрледі.
Бұл кездесуге «Центральноазиатская сахарная корпорация», қысқартып айтқанда «ЦАСК, импорттаушы «Белорусь аграрлық компаниясы» мен көтерме саудалаушы «Ас-Ан» ЖШС өкілдері қатысты. Бұл тараптар арасындағы әңгіме орташа есеппен алғанда 25,5 пайызға көтерілген қант бағасы жайында өрбіді. «ЦАСК» өкілдерінің айтуынша, қант бағасы шикізаттың қымбаттауына байланысты көтеріліп отыр. Сол себептен тасымалдау тарифі мен коммуналдық қызметтің құны да сәл қымбаттаған. Оның үстіне, осындай жазғы мезгілде жыл сайын қант аз да болса қымбаттап отыратыны және бар.
Биылғы жылы қант өндіру құны екі есе қымбаттаған екен. Бұған қоса, Беларуссиядан келетін импорт көлемі де біршама азайған. Елде қант жетіспеушілігі орын алмағанымен, бағасының қымбаттауына осындай себептер әсер етіп тұрса керек. «ЦАСК» басшылығының айтқанына сенсек, бұл кәсіпорынның өндірістік қуаты ел нарығын түгел қамтитын өнім шығаруға жетеді. Бірақ өндіріске қажетті шикізат – қант қызылшасы жеткілікті емес. Оның бір бөлшегін шетелден алдыруға мәжбүр болып отыр. Осы 2016 жылы қант қызылшасы егілетін алқап кеңейтілсе, кәсіпорын өндірілетін қант көлемін арттыруға бел байлап отыр.
Қуандық Бішімбаев өз кезегінде шеттен келетін шикізатқа бөлінетін квота мен лицензияны беру тәртібін жеделдету мәселесін қарастыруға уәде берді.
Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ