
Amanzholov University-де оқытушылар мен қызметкерлер арасында өткен спартакиада қорытындыланды.
Спартакиада оқу орнындағы ең айтулы шаралардың бірі. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер әрқашан мұндай шараға қызығушылық білдіреді. Өйткені, спорт әрдайым сергектік сыйлап, денсаулықты жақсартады, ұжым бірлігі мен ұйымшылдығын арттырады. Биыл он команда сегіз спорт түрінен сайысты. Атап айтқанда волейбол, шағын футбол, үстел теннисі, шахмат, арқан тарту, дартс, суда жүзу және турникке тартылу бойынша.
Спартакиаданың жабылу салтанатына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дүниежүзілік армрестлинг федерациясының құрметті вице-президенті, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ құрметті профессоры – Мұхамедолла Ағзамов, сондай-ақ университеттің құрметті ардагері, профессор – Иван Полторанин, университеттің дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық кафедрасының оқытушысы, запастағы подполковник Виктор Сунцов және Шығыс Қазақстан облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары, оқу орны түлегі – Серік Құсұмбаев бастаған мәртебелі меймандар қатысты.

Салтанатты іс-шара Жоғары мектептер мен құрылымдық бөлімшелер командаларының шеруімен басталды. Шеруге шыққандардың жүздері жайнап, керемет көңіл-күйлері сезіледі, себебі, бәсекелестік, жарыс эмоциясы артта қалып, көбі жүлделі орындарға іліккен.
Университет ректоры шараның шымылдығын ашып, дене шынықтыру және спорт үлкен ұжымның басын біріктірген маңызды дүние екенін айтты. Ол үшін қажетті жағдайлардың барлығы жасалуда. Ал, ЖОО спорттық дәстүрлер мен жетістіктерге өте бай. «Әріптестеріміздің белсенді қатысып, жақсы спорттық көрсеткіштерге жеткені мен үшін қуаныш. Біздің ортамызда спорт ардагерлері, қоғам өкілдері, танымал спортшылар, соның ішінде әлемдік жарыстардың жеңімпаздары – университет студенттері бар. Баршаға спорттық жақсы көңіл-күй, жаңа жетістіктер мен жеңістер тілеймін», – деді оқу орны ректоры Спартакиада қатысушыларына.

Мұхамедолла Ағзамов ардагерлер атынан сөйлеген сөзінде университет басшылығына спортты дамытуға ерекше көңіл бөлгені үшін алғысын білдірді. Ол университет қабырғасынан халықаралық аренада Қазақстанды танытып жүрген атақты спортшылар шыққанын атап өтті. «Бұл сабақтастықтың сақталғаны, спорттың белсенді дамып, студенттер әлемдік жарыстардың жеңіс тұғырына көтеріліп, тамаша дәстүрді жалғастырып жатқаны керемет», – деп атап өтті белгілі спорт ардагері.

ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Құсұмбаев та Спартакиада қатысушыларына жылы лебізін білдірді. «Мұндай спорттық шара өсіп келе жатқан буын мен жастар үшін жақсы үлгі. Сол арқылы спортқа баулып, салауатты өмір салтын насихаттайды. Университет жоғары білікті кадрларды дайындайтын «ұстахана» саналады. Оның ішінде дене шынықтыру оқытушылары мен жаттықтырушылар бар. Осы оқу орнының түлегі мен үшін бұл шараның орыны бөлек. Барша қатысушыларға тек сәттілік тілеймін», — деді құрметті қонақ.
Марапаттау шарасы сән-салатанатпен өтті. Жалпыкомандалық есепте үшінші орын Ақпараттық-техникалық қамтамасыз ету және цифрландыру орталығына бұйырды. Екінші орынды IТ және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі алды. Ал «Спартакиада 2023» жеңімпазы және бас кубоктың иегері Жоғары колледж құрама командасы атанды.
Спартакиада қорытындысында жеке спорт түрлері бойынша үздік командалар да марапатталды. Жоғары колледж командасы волейбол және футболдан бірінші орын алса, Педагогика жоғары мектебі арқан тарту мен жүзуден ең үздік. IТ және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі үстел теннисі мен шахматта бірінші орын алды. Ал, Ақпараттық-техникалық қамтамасыз ету және цифрландыру орталығы дартс ойынында озық шықты. Турникке тартылуда Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі ең биік тұғырға көтерілді. Командалар дипломдармен, грамоталармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

«Әрине, өте қуаныштымыз. Бұл деген бірнеше апта бойғы жарыстарымыздың нәтижесі. Ең бастысы төккен теріміз, еңбегіміз ақталды. Спартакиада кезінде ұжымымыздың одан әрі бірлігі нығайып, ұйымшылдығы арта түскендей. Мәні де осында деп ойлаймын. Оқу орнының басшылығына осындай қызыққа толы шара үшін алғыс айтамын. Ары қарай да белсенді қатыса беретіндігімізді жеткізгім келеді, — деді Жоғары колледж өкілі Анель Таранова.
Шара соңында Спартакиада қатысушылары спорттық қозғалысты қолдап, ауқымды шара өткізуге мұрындық болған ректор Мұхтар Төлегенге жарыстың естелік жалауын табыс етті.