«Семей полигонының зардабын шеккеніміз, еңсесін тұз басқан Аралдың қасіретін көргеніміз, гептилдің уын жұтқанымыз аз болғандай, Теміртау қаласының асқынған экологиялық ахуалы еңселі ел көңілін алаңдатып отыр. Қазіргі кезде Теміртауды Теміртау емес, шын мәніндегі Түтінтау десек болады. Бұл қалада аспаннан жауған аппақ қардың өзі жерге қонғанда адам шошитын қара түске боялады. Қап-қара қардың үстінде ащы түтін мен улы газға тұншығып, күркілдеп жөтеліп бара жатқан қала тұрғындарын көргенде қабырғаң қайысады.
Теміртау қаласы бойынша шығарындылардың нақты көлемі 2021 жылы 243 мың, 2020 жылы 242 мың тонна деп көрсетілген. Алайда бұл статистикалық деректер шындыққа сай емес. Мәселен, 2019 жылы азот диоксиді 12 есе, күкірт сутегі 13 есе, күкірт диоксиді 10 есе асып кетуімен зиянды заттардың 61 жағдайы тіркелген. Сондықтан сараптау жүргізіп, нақты ақиқатты ашып көрсететін тәуелсіз экологиялық эксперттік аудит жүргізуді талап етеміз».