
Алматыда ғасырға жуық тарихы бар «Ақниет» медицина қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Республикалық деңгейдегі ең ірі кәсіподақтың Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ 13 облыста бөлімшелері бар. Біз Алматы қаласы «Ақниет» кәсіподақ филиалының төрайымы Алтын Дәуітовамен арнайы сұхбаттасып, кәсіподақ ұйымының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында сұрадық.
— Алтын Юсупқызы, ең алдымен «Ақниет» кәсіподақ ұйымының негізгі жұмысы жайлы айтып өтсеңіз.
— «Ақниет» кәсіподағы Алматы қаласы ғана емес, бүкіл республикалық кәсіподақтардың ішіндегі ең ірісі деп айта аламын. Құрамында 70 мыңнан астам медицина қызметкері бар. Алматыдағы отыздан астам ең үлкен медициналық мекеме бізге қарайды. Қазіргі таңда кәсіподақ ұйымының жұмысы жаңа деңгейге көтерілді. Кәсіподаққа түскен қаржының 60 пайызы мекемелердің өзіне қайтарылады, 40 пайызы бізде қалады. Ал осы 40 пайыздың 10 пайызы бізде резерв қоры ретінде жиналады. Бұл қордың мақсаты — оқыс немесе төтенше жағдайға ұшыраған медицина қызметкерлеріне қаржылай көмек беру. Мысал ретінде айтайын, ауыр науқасқа ұшып бара жатқанда, тікұшақ құлап, анестезиолог пен акушер гинеколог қаза болғаны естеріңізде болар. Сол кезде біз олардың отбасына кәсіподақ атынан 64 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеттік.
— Кәсіподақ ұйымы медицина қызметкерлері үшін қандай бағытта жұмыс істейді?
— «Ақниет» кәсіподағы бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Алғашқы бағыт — біз еліміздегі халықаралық еңбек қоғамымен бірлесіп жұмыс жүргіземіз. Жақында ғана Алматы қаласына 12 мемлекеттің кәсіподақ ұйымының басшылары келіп, тәжірибе алмастық. Шетелдік мамандар біздің жұмысымызбен танысып, кәсіподақ атқарған іс-шаралармен танысты. Ғасырға толы тарихы бар кәсіподақты басқарғаныма бір жылдан асты. Біздің кәсіподақтың басты мақсаты — медицина қызметкерлерінің деңгейін көтеру. Сондықтан да біздің жұмыс қазіргі таңда бағытын жан-жақты өзгертті. Біз Алматыдағы медицина колледжінде оқитын көп балалы отбасыдан шыққан балалар мен әлеуметтік осал топтың балаларына стипендия береміз.
Негізі кәсіподақ ұйымының болғаны дұрыс. Өйткені бірлесіп, жұмыла бірігіп мәселелерді біріккен кезде кез келген түйіннің шешімін табуға болады. Өзім 27 жыл емхананың ішінде дәрігер болып жұмыс істедім. Одан кейін өзім жұмыс істеген мекеменің кәсіподақ ұйымын басқардым. Кәсіподақ жұмысы көбінесе байқала бермейді. Ұйымның екінші бағыты — медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау. Соңғы кезде дәрігерлерді жәбірлеу фактілері көбейді. Қазір біздің кәсіподақта медицина қызметкерлерінің құқығын қорғайтын 18 қорғаушы бар. Олар — бүкіл медициналық барлық тақырыпты қамтып, тәжірибеден өткен қорғаушылар. Біздің кәсіподаққа түрлі жағдайға ұшыраған дәрігерлер арыз-шағымдарын жазады. Кәсіподақ қорғаушылары дәрігерлерге заң тұрғысынан барлық көмек көрсетеді. Бұрын, өздеріңіз білесіздер, ақ халатты жанды құрметтейтін. Дәрігер деген мамандық сыйлы болатын. Ал қазір дәрігерлерді қаралайтын оқиға көбейіп кетті. Сонымен қатар түрлі аурудың емін шетелден іздейтіндер көбейді. Ал шындығында біздің елімізде де мықты мамандар бар. Денсаулығы сыр бергенде, бірден жедел жәрдемге жүгінеміз ғой. Міне, сол кезде алғашқы көмекті ұсынатындар дәрігерлер емес пе?
— Дәрігерлердің денсаулығын жақсарту бағытында кәсіподақ тарапынан қандай көмек қарастырылған?
— Елдің қамын ойлайтын дәрігерлердің кейбірі жұмыс деп жүріп өз денсаулығына мән бермейді. Сондықтан біз алматылық дәрігерлерді санаторийлерге, емдік-сауықтыру орталықтарына жібереміз. Біздің кәсіподақтың санаторийі Түргенде орналасқан. Онда дәрігерлерге емдік- сауықтыру қызметінің барлық түрі ұсынылады. Келісімшарт бойынша Сарыағаш пен Бурабайдағы отбасылық демалыс орталығына жібереміз. Жазда біздің кәсіподақ мүшелері Алакөлде де демалады. Ал Алматыдағы «Горное солнце» жазғы лагерінде біздің кәсіподақ мүшелерінің балалары тегін демалады. Биылғы жазда 100-ден астам балаға жолдама берілді. Біздің кәсіподақ медицина қызметкерлеріне арналғандықтан, осы саладағы мамандардың жан-жақты дамуына үлес қосқымыз келеді. Тағы бір айта кететін жәйт, салауатты өмір салтын ұстануға баса мән береміз. Алматыдағы бірнеше медициналық мекеменің дәрігерлерінен құрылған командалар арасында футбол, волейбол сияқты спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырамыз. Пандемия бірігуімізге түрткі болды. Жұмыла жұмыс істеудің қадірін түсіндірді. Біз алдағы уақытта да медицина қызметкерлерінің мүддесін қорғау бағытындағы жұмыстарды атқара береміз.
— Әңгімеңізге рахмет!
Мақпал Ноғайбаева