
Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов елорда әкімі болған кезде көп балалы аналармен бір-ақ рет кездесті деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты деп хабарлайды JQ-aqparat.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінен кейін тілші қауым Үкімет басшысының орынбасарынан: «БАҚ-та тараған мәліметке сәйкес, сіз Астана қаласының әкімі болғанда көп балалы аналармен бір-ақ рет кездесіпсіз. Қазір сіз Премьер-Министрдің орынбасары болдыңыз, әлеуметтік салаға жауап бересіз. Енді көпбалалы аналардың мәселесін шешуге арналған арнайы жоспарыңыз бар ма?», деген сұрақ қойды.
Оған Алтай Көлгінов былай деп жауап берді: «Жалған ақпарат таратпаңыз. Бір-ақ рет кездесті деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Үш жарым жыл ішінде мен бірнеше мың адаммен кездестім. Сізге әкімшіліктен нақты санды алып берейін. Ең бастысы, біз Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын айқындап, орындадық. Әкім болғанда көптеген қордаланған мәселені шештік. Бұл бір адамның жұмысы емес. Бұл көптеген мемлекеттік органның, жергілікті атқарушы биліктің жұмысы».