jasqazaq.kz

Алпауыттың араны

10 ақпан 2021, 15:19

Әдетте, жыл басында жылжымайтын мүлік нарығында баға сәл де болса түсуші еді. Биыл олай емес. Айталық, Алматыда біраз қымбаттады. Сірә, оған зейнетақы қорындағы қаржыны алуға рұқсат берілгені әсер етсе керек. Себебі үй бағасының өсуіне басқа негіз жоқ. Jas qazaq шаһардағы жылжымайтын мүлік нарығын барлап көрді.

Жеткізбейтін сағым

Сату бөлімінен сүмірейіп шықтым. Анау-мынау емес, қаланың қақ ортасында салынып жатқан тұрғын үй кешенінде нем бар еді? Бұл араға жол-жөнекей кіре алмайсың. Алдын ала қоңырау шалып, жазыласың. Соған қарап, топырлап жүргендер көп пе дейсің. Олай емес екен.

Менеджер қыз сайрай жөнелді. Біз сұраған үш бөлмелі пәтер тек бірінші қабатта қалғанын айтты. Сосын бағасын. 70 млн (теңге, әрине). Оның үстіне, құрылыс аяқталып қалғандықтан, «100 пайыз төлем» деген шарты тағы бар. Ипотекаға аузыңды ашпа! Қызық, 100 пайызды қолма-қол төлесе де, несиеге алса да, оларға бәрібір емес пе? Қайтсе де, есепшотына түседі ғой.

«Бірінші қабат бізге жарамайды, басқа жоқ па, немене» дегендей сыңай таныттым.

– Өкінішке қарай, бұл кешенде жоқ. Бәлкім, пәлен көшедегі?
Басымды шайқадым.

– «Түрлі-түсті бояулар»?
Мұрнымды тыржиттым.

– Онда «Аңыздан»?
Басымды изедім.

– Қанша?

– О-о, бұл әлдеқайда арзанға түсер еді. Шаршы метрі де көбірек. Небәрі 58 млн теңге. Ипотека бар.

– Отбасы банктен алсақ ше?

– Отбасы банк арқылы алсаңыз, кепілдікке жылжымайтын мүлік қоюыңыз керек.

– Үй қашан беріледі?

– Жыл соңында.

Алатын адам сияқтанып, пәтердің жоспарын, бағасын қағазға шығартып алдым.
Далаға шыққан соң анадайда тұрған сары-жасыл ғимаратқа көз салдым. «Көрпеңе қарай көсілсеңші» деп шекесінен қарайтын сияқты ма? «Керек едің!» деп кекесінмен мырс еттім. Ертең құмырсқаның илеуіндей құжынаған кезіңде келермін, бәлем.

Тоғыз жолдың торабындағы үйдің сұранысқа ие болатыны түсінікті. Бірақ салынып бітпей жатып, түгел дерлік сатылып кетуі мүмкін бе? Менеджер қыздың сөзінше, солай сияқты. Екіншіден, 90-нан сәл асатын шаршы метр үшін 70 млн теңге тым қымбат. Әлде бұл үйдің арматурасы алтыннан, шатыры күмістен бе екен? Айтпақшы, өткенде Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының төрағасы Ермек Мүсірепов «жаңа кешендерде баға сәл қымбаттауы мүмкін, өйткені олар импортқа тәуелді» деп еді. Оның да әсер ететінін жоққа шығармаймыз. Дегенмен компанияның тәбеті тым күшті. Оның үстіне, салынып біткенге дейін бағасы әлі де өседі. Шаршы метрі 700 000 теңгеге жетуі мүмкін. Жұрт не үшін іргетасы қаланбай тұрып ақшасын салып тастайды дейсің? Әнебір жылдары талай үлескердің тақырға отырғаны содан. Бүгін де тәуекелге баратындар көп сияқты. Әйтпесе, 14-16 қабатты үш бірдей зәулім үйдегі пәтердің басым бөлігі сатылып кетті дегенге кім сенеді? Рас, ақша жасау үшін алып қоятындар бар. Әрлегені әрлеп, әйтпесе, былай-ақ, үстіне пәлен миллион қосып сатып жібереді. Бірақ қалада тұрғызылып жатқан тұрғын үй кешені аз емес. Әрқайсысында кемінде 300 пәтер. Одан да көп болуы мүмкін. Оның бәріне алыпсатар шақ келе ме? Бәлкім, кілтипан басқада. Мәселен, терістік көршімізде осындай жаңа кешендегі пәтердің біраз бөлігін құрылыс компаниясына кіріккен фирмалар сатып алады. Кейін қымбатқа өткізеді. Бұл бір тәсіл. Тағы бір тәсілді жуырда түрік мамандары жайып салды. Олар сатып алушыларға: «Сақ болыңыз. Бір ғана пәтер қалды деп сізді алдап, ең жаманын өткізіп жіберуі мүмкін» деген кеңес беріпті. Бізде бұл туралы ешкім жақ ашпайды. Тәуекелдің бәрі сатып алушының мойнында. Жалпы тұрғын үй нарығын реттейтін тетік жоқтың қасы. Бәсеке аз. Байқасақ, үлкен кешендерді негізінен алпауыт компаниялар тұрғызады. Бағаны да өздері белгілейді. Жарнамасына қарасаң, қолыңа өздері ұстатып жіберетіндей. Жетіп келсең, сағым сияқты алыстай береді.

Осындай оймен тағы бір кешенге келдік. Бұл анаған қарағанда «су тегін» болуы тиіс. Тұрған жері тым жақсы болғанымен (Достық даңғылына таяу), кәдімгідей «көнерген» ғимарат. Қолдан-қолға өтіп, ұзақ жылдар қаңырап қалған. Ақырында жамап-жасқап, тұрғын үй есебінде сатуға бел байлапты. Жөндеу жұмысын мойнына алған құрылыс компаниясы алғашқы бестікте. Қаланың әр тұсында тұрғызып жатқан бірнеше кешені бар.

Мұнда да үш бөлмелі пәтердің бағасын сұрадық. Менеджер жігіттің жүзі жылы болғанымен, компьютерінен алып шыққан «цифрынан» мұз еседі. Ескі деп іштей менсінбей келген кешендегі пәтер бағасы да алдыңғымен шамалас болып шықты. Мұнда да сол әуен. Төменгі қабатта ғана қалды, оның өзінде үйреншікті төрт бұрышты бөлмелер емес, дөңгеленген (таба нанның жартысы сияқты) нұсқасы ғана қалыпты-мыс. Бағасы да жетісіп тұрған жоқ. 77 шаршы метр үш бөлмелі пәтердің құны 47 млн теңгеден асады. Бірақ ипотека бар.

Хош, ақыры жорыққа шыққан екенбіз. Енді банкке соғайық. Осы жұрт несиені қалай алады екен?
Банктегі бойжеткен сарт-сұрт есептейді. Шарты да осал емес. Біріншіден, бұл банктен ипотека алу үшін айлығың өте жоғары болуы керек. Екіншіден, зейнетақы қорынан дәл осы кешенге ақша аударуға рұқсат берілуі неғайбыл. Банк келіскен күннің өзінде, ертеңгі күні әлгі кешеннен ши шықса (!), айыппұлды арқалайтын сатып алушы көрінеді. Әлгі «тұрып қалған тұрғын үй» осы банктің активінде болған. Құрылыс компаниясына басыбайлы өткен-өтпегені беймәлім.

«Зейнетақы қорындағы қаржыны пайдалануға қатысты жауапты Ұлттық банктен күтіп отырмыз» деп қысқа қайырды менеджер қыз. Есеп-қисабына қарасаң, еріксіз бағжаң етесің. Пайызы алған несие сомасымен бірдей. Мәселен, алғашқы жарнаның 40 пайызын құйсаң, банк 27 млн 300 мың теңге несие береді. Мерзімі – 240 ай, яғни 20 жыл. Ай сайын 230 мың төлеп тұрғанда, әлгі алған 27 млн 300 мың теңгенің үстіне 27 млн 777 мың теңге төлейсің. Ақырында алған пәтерің 75 миллионнан асып кетеді.

Сонымен бұл кешенге де «қол бұлғадық».

Осы орайда үлескер ретінде пәтер сатып алатындар үшін айта кетейік. Салынып жатқан кешен Тұрғын үйді сақтандыру қорындағы тізімде болмаса, БЗЖҚ-ғы ақшаны пайдалануға рұқсат жоқ.
Сыры да, сыны да кеткен

Сонымен жарқыраған жаңа пәтер бізге қол емес екен. Екінші нарықтан іздесек қайтеді? Онда риэлторға жүгінуге тура келеді. Басқа-басқа, риэлтор Алматыда иттің басынан көп. Кептелістен қашып, орталықтағы үйлердің бірін таңдадым. Риэлтордың кеңсесі де сол маңда екен. Әжептәуір үлкен компания. Еркек-әйел толып отыр. «Сіз сұраған пәтер жолдың ар жағында» деп ұзын бойлы қара торы жігіт жол бастады. Аулаға кіріп келгеннен ығы-жығы көлікке көзім түсті. Басқа орын табылмағандай, қақ ортасына 4-5 қоқыс жәшігі қойылыпты. «Мына үйден алмаймын» деп бұрылып кете жаздап барып, тоқтадым. Жай ғана көру үшін келген жоқпын ба?

Үйдің сырты ағал-жағал. Пәтер де ескірген, бөлмелері қуықтай. Соның өзіне 54 млн теңге сұрап тұр. Мұны жөндеудің өзіне пәленбай ақша керек.

Шыққаннан кейін риэлтор баладан «мына пәтер шынымен өте ме» деп сұрадым. «Ой, тәте, сәтін салса, кез келген пәтер өтіп кетеді» деп жатыр. «Жұрт жаңасын алғысы келеді, ал шындығында бұрынғы салынған үйлер мықты болады. Мәселен, «хрущевка» бар ғой, соның арматурасы берік. Ал қазір құрылыс материалдары сапасыз» деп зуылдатты бала. «Мына үйдің тұрған жері жақсы ғой» деп қосып қойды.

Солайы солай, бірақ бұл маңайдағы үйлер бір-біріне тым тығыз орналасыпты. Құрылысшы қауымға ерік берсе, бірінің үстіне бірін үйе беруден тайынбайтын сияқты. Әнебір 20 қабатты ғимарат кішкентай сары үйге төніп алыпты. Бір тәуірі, бұдан былай қала ішінде қалай болса солай құрылыс жүргізуге рұқсат етілмейді. Мұны Алматы әкімі былтыр бірнеше рет ескертті. Мұндай шешімді біз де қос қолдап құптаймыз. Қалаған тұсқа кешен салып, қымбатқа сатып үйренген алпауыттар енді қайтер екен? Қырық жылғы үйлерді бұзбаса, Алматыда бос жер жоқ.

Жуық маңдағы тағы бір пәтерге басқа риэлтор алып барды. Алдыңғымен салыстырғанда, ауласы имантаразы екен. Сәл кеңірек, ағашы көп, тыныш. Пәтер де жап-жақсы. Бұлар да 54 млн сұрап тұр. Құдды келісіп алғандай. Жөндеу жұмысын, банктен алатын ипотекаңды қосқанда (әйтпесе, қолма-қол санап беретіндер кемде-кем) түпкі бағасы 70 миллионнан асуы да мүмкін. Риэлтор бала «үй қымбаттап жатыр» деп қармақты тастап қойды. Бұл да бір психологиялық әдіс болар. Өйткені ол пәтердің сатылуына мүдделі. Мәселен, 50 млн теңгеге сатылса, ол екі жақтан да 500 000 алады.

Неге екенін, екі риэлтор да содан кейін хабарласқан жоқ.

* * *

Әрине, әркім қалтасына қарайды. Шет аудандарда әлгіндей пәтерді анағұрлым арзанға сатып алуға болады. Біз орталықтағы, ең қымбат ауданды қарадық. Құрылыс компаниялары мен жеке адамдардың аранын салыстырып көрдік. Алдыңғысы ұлтарақтай жерге көпқабатты үй салып, мол пайдаға кенелгісі келеді. Кешенін «бизнес, комфорт, элит» деп бөліп тастайды. Бұлардан мемлекеттік бағдарламамен ала алмайсың. Сапасы дұрыстау болуы мүмкін, бірақ оған да кепілдік жоқ.

Екінші нарықтағы үйдің иесі де қалыспайды. Салыстырып көрсек, 50 миллион теңгеге Анталияда үш бөлмелі пәтер сатып алуға болады. Ал бізде 30-40 жыл бұрын салынған, «біткен» баспанаға 50 млн сұрайды.

Осы аптада «асықпаңдар, нарықтағы дүрбелең басылсын» деген кеңес айтылды. Біздіңше, «қызу» басылғанда да, баға соншалықты арзандай қоймайды. Өйткені тұрғын үй нарығындағы баға зейнетақы қорындағы ақшаға тіреліп тұрған жоқ. Мәселе, аранның ашыла түсуінде.

Гүлнар Ахметова

Бүгін, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде
22 шiлде, 19:06
Алматы: Өндірістік ауданда тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасып келеді
22 шiлде, 15:09
Қазақстан – Еуроодақ: Экономикалық дипломатияға басымдық
16 шiлде, 15:27
Ержан Жаров: Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – жаңа заңның басты мақсаты