jasqazaq.kz

Алалау көп, даралау аз

13 мамыр 2019, 14:03


Өркениетті елдер даму стратегиясын айқындап, жүйелеу кезінде жоғары білімнің сапасын бірінші орынға қояды. Өйткені жоғары білім – кәсіби машықтану алаңы. Осыған байланысты білім сапасын көтеру талабы еліміздегі жоғары оқу орындарында қалай жүзеге асырылуда? Айқындау мен жүйелеуде қандай кемшілік бар? Осы секілді сұрақтар төңірегінде біз Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлымен әңгімелескен едік.
Jas qazaq: Білім саласына қатысты сұхбатымызды салыстырудан бастасақ. Біз қазір қандай деңгейдеміз?
Мұрат Бақтиярұлы: Бізден салыстыратын мәселе жеткілікті. Айталық 1991 жылы 17 миллион халқы бар елімізде 55 жоғары оқу орны болса (оның екеуі ғана университет), ал қазір 128 жоғары оқу орыны бар (72-сі жекеменшік). Дамыған Еуропа, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде 320 мың адамға бір жоғары оқу орнынан келсе, бізде 141 мың адамға бір жоғары оқу орны бар. Бұл жағынан алдыңғы орынға шыққанымызбен, болашақ иелеріне беріліп жатқан білімнің сапасы сын көтермейді.
Jas qazaq: Себебі неде?
Мұрат Бақтиярұлы: Біріншіден, коммерциялық жоғары оқу орындарының көпшілігі сапалы білім бере алмай, тек қаржы жинау құралына айналды. Былтырдан бастап, Ұлттық тестілеуден балы 50-ден кем – білім деңгейі төмен мыңдаған талапкер жыл бойы үш рет тест тапсырып, оқуын жалғастыра беретін болды. Жасыратыны жоқ, талапкерлер негізінен он бір жыл бойы мектепте нашар білім алған. Олар болашақта қандай мұғалім, дәрігер, инженер болмақ? Демек білім ордаларының көпшілігі сапалы білім беруге ұмтылмай, тек диплом беруге машықтанған.
Екіншіден, кадрлар дайындауда аймақтық деңгейдегі сұранысқа мән берілмейді. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының зерттеуі бойынша жұмыс беру нарығында жоғары білімді маман 30 % ғана керек. Ал 70 % жұмыс орындарына колледж бітірген маман қажет.
Jas qazaq: Бос жұмыс орындарын сырттан келгендер толтырып жатқан жоқ па?
Мұрат Бақтиярұлы: Көші-қон комитетінің мәліметіне сүйенсек, соңғы жеті жылда Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан 6 миллион еңбек мигранты келіп, еліміздегі құрылыс, ауыл шаруашылық, тұрмыстық қызмет көрсету саласындағы бос орынды толтырған. Біз мемлекет және ата-аналар қаражатының есебінен қазіргі нарыққа қажет емес он мыңдаған жоғары білімді мамандар даярлап, қазіргі уақытта жұмыссыздар санын қолдан көбейтіп отырмыз. Жыл сайын жоғары білімді дипломы бар мамандар экономикамызға қаншалықты қажет?
Jas qazaq: Енді бұл мәселені кім реттейді?
Мұрат Бақтиярұлы: Бұл жауабы табылмаған сауал болып тұр. Үшіншіден, 2018 жылы жоғары білімге бөлінген қаржы ішкі жалпы өнімнің 0,35 % құраған. Ал экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл көрсеткіш 1,6 % құрайды. Мысалы, еліміздегі Ұлттық университеттерде мемлекеттік грант есебінен білім алатын әрбір студентке жылына 635 800 теңге, ал басқа жоғары оқу орындарында 443 300 теңге бөлінеді. Ал Мәскеу мемлекеттік университетінің еліміздегі филиалында оқитын әрбір студентке бюджеттен жылына 1 миллион 690 мың теңге береміз. Айырмашылық төрт есе. Сондықтан жоғары оқу орындарындағы оқытушы-профессорлардың жалақысы өте төмен. Мысалы, ғылым докторы, профессор – 130 – 150 мың, ғылым кандидаты, Ph.D доктор 80-100 мың теңге ғана жалақы алады. Осындай жалақымен күн көріп отырған оқытушыдан сапалы білім сұрауға бола ма?
Дамыған елдерге қарағанда біздегі жоғары оқу орындарында ғалымдардың саны да үш есе аз, материалдық–техникалық базалары талапқа сай келмейді. Білім беру бағдарламалары барынша жаттанды, жұмыс берушілер мен кәсіпкерлермен байланысы нашар. Орта мектеп, колледждермен байланыс әлсіз. Сондықтан мектеп бітірген түлектер сапалы білім беретін шетелдік оқу орындарына кетіп жатыр. Соңғы үш жылда Шығыс Қазақстан облысынан 3 мың жас Ресей жоғары оқу орындарына түскен.
Jas qazaq: Еліміздегі жоғары оқу орындарының мәртебесі туралы не айтар едіңіз?
Мұрат Бақтиярұлы: Еліміздегі 128 жоғары оқу орындарының 82-і университет мәртебесіне ие. Ғылыми жұмыспен айналысатын фундаменталды классикалық формадағы университеттерден басқасын профильдік бағыттағы институт не академия статусына түсіру тетіктерін жасау қажет. Сонымен қатар әл-Фараби атындағы ұлттық университет пен Гумилев атындағы Еуразиялық университетінде 40 мыңға жуық бакалавр білім алады. Негізі бұл екі оқу орны магистрлер мен Ph.D докторларды даярлайтын ірі ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, бакалавр мамандықтарын негізінен өңірлердегі оқу орындары дайындауы керек.
Жоғары оқу орындарынан кейінгі кәсіби оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі ережесіне сәйкес (2013 жыл 15 қаңтар) докторанттар контингентін қалыптастыру мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жүзеге асырылады. Алайда бұл ереже бұзылып, докторантурада ақылы негізде 1000-ға жуық азамат оқиды екен. Шынайы ғалымдарды қаржы төлеу арқылы жасай алмаймыз. Енді осылай кете берсек он жылдан кейін билікте, бизнесте жүргендердің көбісі Ph.D доктор болып шыға келеді. Бұған тоқтам жасауымыз керек.
Білім және ғылым министрлігі – қасиетті орта. Бұл бүкіл жас ұрпақтың тағдыры айқындалып, шешілетін жер. Бір мәселенің басы анық – бүгінгі күні білім сапасы бір министрліктің ғана міндеті емес, жалпы бұл ұлттық мәселе.
Jas qazaq: Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жолдасбек ӘШІМХАНҰЛЫ

30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде
22 шiлде, 19:06
Алматы: Өндірістік ауданда тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасып келеді
22 шiлде, 15:09
Қазақстан – Еуроодақ: Экономикалық дипломатияға басымдық