Адам саудасымен күресетін Көкшетаудағы «Феминистік лига» қоғамдық ұйымы мемлекет көмегіне зәру. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен өткен брифингте аталған ұйымның жетекшісі Галина Морозова мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.
Көкшетауда құрылған «Феминистік лига» қоғамдық бірлестігі осы уақытқа дейін құлдықта болған 178 адамға құқықтық көмек көрсеткен. Оның 132-сі еліміздің тұрғындары болса, қалғандары Өзбекстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Украина елдерінің азаматтары.
«Феминистік лига» қоғамдық ұйымының төрайымы Галина Морозованың айтуынша, облыста теріс пиғылдағы діни ағымдардың арбауына түскен, үлкендер тарапынан зорлық көріп, құлдықтың қамытын киген жеткіншектер де бар көрінеді. Тіпті, оларды саудалау фактілері де тіркелген. Зәбір көрушілердің басым бөлігі болған жағдайды жасырып қалады. Себебі, жәбірленуші арыз жазған жағдайда тергеу амалдары, медициналық сараптаманың қорытындысы шығып, сот істі қарағанша бірнеше ай өтеді. Оның үстіне сотта дәлелдер, куәлар қажет, көп адамдар куә болудан бас тартады. Өз бойындағы қорқынышты жеңіп, әділеттілік үшін күресетіндер аз. Ал көрген қорлығын жасырып, оны айтуға батылы жетпейтіндер саны әлдеқайда көп екеніне ұйым жетекшісі сенімді.
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге жәрдемдесумен айналысатын дағдарыс орталықтары секілді ұйымдарды қаржыландыру қарастырылмаған. Қаржының жоқтығынан Көкшетауда 2008 жылы адам саудасының құрбандары үшін ашылған оңалту орталығы қаржының жоқтығынан биыл өз жұмысын тоқтатқан.
«Көмек сұрап келген әйелдердің барлығына толықтай қол ұшын беруге қауқарсызбыз. Бізге мемлекет тарапынан көмек керек», – дейді Г.Морозова.
Зорлық-зомбылық көрген жандарды алдымен заң қорғауы қажет. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін дағдарыс орталығына деген сұраныс күннен-күнге артады. Құлдықтың құрбаны болып жүргендер санының көптігін, оларды қорғауға, тіпті, заңның шамасы жетпей отырғанын айтады үкіметтік емес ұйым мамандары.