
Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындарында бокстан 64 келіге дейін салмақтағы қазақстандық боксшы Абылайхан Жүсіпов Еуропаның вице-чемпионы британиялық Пат Маккормакмен кездесті.
Кездесу аса тартысты болды. Жерлесіміз өзінен әлдеқайда тәжірибелі қарсыласына қарымды қарсылық көрсете білді. Алайда арақашықты жақсы ұстай білген Маккормак жеңіске жетті. Қорытынды есеп – 2:1 британиялық боксшының пайдасына.
Абылайхан жасөспірімдер арасында әлем және Олимпиада чемпионы атанған боксшы. Ересектер арсындағы жарыстарға қосылғанына көп болған жоқ. Көктемде Азия және Тынық Мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінде жеңіске жеткен еді.
Айта кетейік, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Олимпиада ойындарына алғаш рет толық құрамда барған еді. Бірақ өкініше қарай, Берік Әбдірахманов пен Біржан Жақыпов бастапқы бәсекелерінде жеңіліп жарыстан шығып қалды. Ал Василий Левит жартылай финалға жолдама алған болатын. Сондай-ақ бүгін Қайрат Ералиев 2013 жылғы әлем чемпионы Джавид Челебиевті ұтты.