
Қазан айында Ақтөбеде кір көтеру спортынан әлем чемпионаты өтеді. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен чемпионатты ұйымдастыру комитетінің отырысында жария етілді, – деп жазады «Ақтөбе» газеті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кір көтеру спортынан әлем чемпионаты қазан айының 26-30 күндері «Қоныс» спорт сарайында өтеді. Дайындық жұмыстары тамыздың жиырмасынан басталады. Ұйымдастыру комитетінің құрамына облыстық федерация өкілдері мен дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметкерлері кіреді. Чемпионатқа 35 елден 700-ге тарта спортшы қатысады. Қатысуға өтініш беру қыркүйектің екінші жартысында аяқталады.
Жиында Бердібек Сапарбаев шараны жоғары деңгейде өткізуді тапсырды.
– Бұл – өңірдегі спортты дамытуға және ілгерлетуге ықпал ететін маңызды шара. Біз чемпионаттың жоғары деңгейде өтуі үшін бар күшімізді салуымыз керек, – деді өңір басшысы.
Облыс әкімі әлемдік деңгейдегі спорттық бәскелестікке дайындық кезінде еліміздің ұлттық ерекшелігін көрсету керектігін атап өтті.