
Премьер-министр Әлихан Смайылов инвестициялық штабтың отырысын өткізді деп хабарлайды JQ-Aqparat primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Үкімет басшысы өткізген штаб отырысында елімізге шетелден тікелей инвестиция тарту бағытында атқарылған жұмыстың қорытындысы, алдағы уақыттағы міндет-мұраты талқыланды.
Штаб отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеров былтыр «негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15,1 трлн теңгені (жылдық жоспардың 94,2%-ы) құрағанын, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7,9%-ға артық екенін баяндады. Жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймалау сияқты салаларда өсім тіркелгенін айтты». Сонымен қатар «орталық мемлекеттік органдар арасында жылдық жоспарды Ғылым және жоғары білім (121,8%), Денсаулық сақтау (103,5%), Оқу-ағарту (102,3%) министрліктері орындады. Ең төмен көрсеткіштер Экология және табиғи ресурстар (79,4%), Мәдениет және спорт (72,5%) министрліктеріне тиесілі. Өңірлер арасында Ұлытау (75,6%), Атырау (84,2%) және Жамбыл (86,5%) облыстары аутсайдер болып отыр. Нысаналы индикаторларға қол жеткізбеудің негізгі себептері – жер учаскелері мен техникалық шарттарды беру рәсімдерінің созылып кетуі, қажетті инфрақұрылымның дайын болмауы, сондай-ақ геосаяси ахуалдың күрделенуі»себеп болғаны да айтылды.
Премьер-министр Ә.Смайылов нәтижесі төмен облыс әкімдеріне ескерту айтты. Ұлытау облысына қатысты үкімет басшысы «Өңірдегі негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жетпей қалған сома 50 млрд теңгеден асады. Әкімдік бұл олқылықты жаңа жобалар есебінен толтыруы тиіс еді. Облыстың әлеуетін пайдалана отырып, қосымша инвестициялар тартуды және туындайтын проблемаларды уақытылы шешуді қаматамыз етуі қажет еді», – деді. Атырау, Жамбыл облыстарының әкімдеріне де олқылықытң орнын толтырып, сыннан қорытынды шығаруды тапсырды. «Кейбір өңірлерде инвестиция 1-2%-ға ғана өскен, әкімдіктер оны жетістік деп түсіндіруге тырысты. Бірақ бұл – жақсы көрсеткіш емес, жүйелі жұмыстың жоқтығының белгісі. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес республика бойынша өсім 8%-ды құрады. Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынған инвестициялар деңгейін ЖІӨ-ге 25%-ға дейін арттыру міндетін қойды. Бұл жыл сайын өсім 10%-дан жоғары болуы керек дегенді білдіреді», – деді Ә.Смайылов штаб отырысын қорытындылап.