
Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылына осыдан бір апта бұрын мал сатуға келген ағайынды үш жігіт ізім қайым жоғалып кетті. Ал олардың 43 ірі қара малы тиелген екі Камаз көлігі Алматыдан шамамен 200 шақырым жерден табылған. Оның бірінің кабинасы түгелдей өртеніп кеткен. Қазір оларды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоғалғандардың жақындары арнайы жасақтар шығып, іздеуге тағы еріктілер қосылса дейді.
Шығыс Қазақстан облысынан мал сатуға Ұзынағашқа арнайы келіп, артынша жоғалып кеткен көліктің бірі Дегерес елді мекенінен табылған. Көліктің иелерінің заттары орнында болғанымен, олардың өздері мен малдары түгелдей жоқ. Ал екінші Камаз көлігі Қаншеңгел ауылына жақын жердегі трассадан табылған. Ол жүк көлігінің кабинасын өртеп жіберген.
Хаділбек, Мұқият және Жарқын. Ағайынды үш азамат 17 қыркүйек, сенбі күні 43 бас ірі қара малды Ұзынағаштағы базарға әкеп сатпақ болған. Алайда алушылар тек жексенбі күні табылып, әр басын 143 мың, жалпы сомасы 5 миллион 720 мың теңгеге сатып аламыз деп уәделескен. Ізінше ол малдың барлығын Ұзынағаштан 40 шақырым жердегі ауылға жеткізіп беруді өтінген.
Соңғы рет 3 азаматты көрген дәл осы жігіттер. Айтуларынша мал тиелген екі үлкен көліктің алдында 3 жеңіл көлік жүріп отырған. Оның бірі қызыл түсті болған.
Ал Қаншеңгел ауылына жақын жерден табылған Камаздың кабинасын белгісіз біреулер өртеп кетіпті. Куәгерлердің айтуынша, олар нөмірсіз БМВ көлігінде болыпты. Қазір бұл істі Алматы облысы Жамбыл ауданының полицейлері бақылауға алған. Әзірге олар да нақты ақпарат беруден бас тартып отыр. Іздестіру жұмыстарына 200-ге жуық ерікті қосылған.