
Алматыда Денис Теннің өлімі бойынша сот отырысы өтіп жатыр, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі сот залынан. Сот алдына Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов пен Жанар Толыбаева келді.
Прокурор Қуандық Досовтың айтуынша, сот отырыстары барысында күдіктілердің кінәсі толықтай дәлелденді. Арман Құдайбергенов «Ұрлық» «Қарақшылық», «Адам өлтiру» баптары бойынша айыпталып жатыр. Нұралы Қиясов та дәл сол баптар бойынша айыпталып жатыр («Ұрлықтан» басқа). Жанар Толыбаева «Ұрлық» және «Қылмыс туралы хабарламау» баптары бойынша айыпталып отыр. «Арман Құдайбергеновті айыпты деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын, жазасын максималды қауіпсіздік мекемесінде өтесін. Нұралы Қиясов айыпты деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылсын, жазасын максималды қауіпсіздік мекемесінде өтесін. Жанар Толыбаеваны айыпты деп танып, оны 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын», — деді прокурор Досов. Сондай-ақ, мемлекеттік айыптаушы соттан жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорының пайдасына Құдайбергенов пен Қиясовтан 30 АЕК көлемінде (75 750 теңге), ал Толыбаевадан 20 АЕК көлемінде (50 500 теңге) ақша өндіріп алуды сұрады.