jasqazaq.kz

Ойлануға — он екі күн

21 желтоқсан 2018, 13:37

Халық ішінде «ақша қолдың кірі» деген қағытпа сөз жиі естіледі. Бұл жеке адамдардың арасында айтыла беретін әңгіме екені даусыз. Ал мемлекет үшін бір тиынның өзі үлкен рөл атқарады. Әсіресе жыл соңына қарай кейбір мекеме жыртығын жамауға қаражат таппай қалады. Енді бірі қолда бардың қадіріне жете алмай, бар ақшаны ұқсата алмай әлекке түседі. Аймақтардағы жауапты адамдардың жоғарыдағылардан сөз естуі, сөгіс алу да осыдан шығады. Алдыңғы жағдайды қайдам, кейінгісі – жарытып жұмыс істемегеннің, жұмысқа деген жауапсыздықтың айқын көрінісі. Әйтпесе үкіметтен алынған қыруар қаражатты тиімді, ұқыпты пайдаланған әрбір басшы алғыс алып, жаңа жылды жақсы көңіл-күймен қарсы алар еді. Әрі тиімді жұмсалған тиын-тебен халықтың әлеуметтік жағдайын түзеуге, жалпы елдің өркендеуіне себепші болады. Өкінішке қарай…
Күні кеше қаржы министрі Әлихан Смайылов орталық және жергілікті мекемелерге жыл соңына дейін, 12 жұмыс күні ішінде 800 млрд теңгеге жуық қаражатты игеріп үлгеруі туралы қажеттігін құлаққағыс жасады.
Бір қарағанда, еліміздің әр аумағында қолға алынып жатқан түрлі шаруаның қажетіне салып жіберсе, демде жұмсала кететін қаражат секілді. Алайда құмға сіңген судай ізін де таппай қалатын ақшаның қалай, неге жұмсалғаны бәрінен қымбат. Ал тиын-тебеннің тағдыры түкке тұрғысыз заттарға байланып кете барса не болмақ? Мәселен, Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова үкімет басшысына жолдаған сауалында шенеуніктердің асқан тәбеті мен олардың бақуатты өмір сүруге талпынысы және оның барлығына қарапайым салық төлеушілердің қаржысы жұмсалатыны туралы мәселе көтерді. Яғни айласын тапқандар ақшаның бір бөлігін мақсатсыз жұмсайды. Бұл туралы депутат «Қазір жер-жерлердегі кішкентай басшылардың өздері, колледж бен облыстық филармония директорына дейін тамаша Jeep пен қымбат көлік сатып алады. Әкімдіктерді айтпағанның өзінде жағдай солай. Енді биыл мемлекет есебінен тұрғын үй саласындағы жеңілдіктерді пайдаланудың заңсыз дерегі анықталып жатыр. Жақында ғана Павлодарда бағасы 50 миллион теңге тұратын аумағы 230 шаршы метр пәтердің және жалпы сомасы 226 млн теңге болатын қымбат бес пәтердің сатып алынуына қатысты дау шықты. Бұл жағдайдың біреу емес екені анық, бұл тек мәселенің бір ұшы ғана», – деді.
Қолға түскен қу ақша не істетпейді? Шын мәнінде, аймақтарда осындай үйлердің, пәтерлердің шын бағасы қандай? Мұны әкім-қаралар білмейді деуге негіз жоқ. Сағат сайын жаңаланып отыратын жарнамалардан кез келген үйлердің нақты бағасын білуге болады. Соған қарамастан, үй бағасының қағаз жүзінде өзгеріп шыға келетіні жаман. Кейде бума-бума ақшаның буы шен-шекпенділердің басын қатырып, ойын өзгертіп жібереді. Ақ қағазға қалай қол қойғанын білмей қалатын басшылардың әрекеті кездейсоқ белгілі болып қалмаса, жалпы ақшаның ағын судай керексіз де жерге кетіп қалатыны шындық. Мысалы, Атырау қаласының әкімдігі жиһазы бар бес бөлмелі тұрғын үйді 58 млн теңгеге сатып алыпты. Қымбат баспана Өскемен, Шымкент, Көкшетау қалаларында да бюджет ақшасына алынған. Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласында аудан әкімінің зәулім үйін жөндеу үшін бюджеттен 24 млн теңге бөлініпті. Осындайда қор болған қаражатқа жаның ашып кетеді.
Ақша – белгілі бір төлем құралы ғана емес. Ол – елдің байлығы. Түрлі салық түсімдерінен құралған қаржының бей-берекет жұмсаулы жақсы емес. Ал жоғарыда министр ескерткен 800 млрд теңге 12 күн ішінде қалай, неге жұмсалады? Осы сұрақ әркімді мазалайтыны анық. Әрине, бізге ешкім де есеп бермесі анық. Тек қыруар қаражат елдің игілігіне жұмсалсын деп тілейік.

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

Бүгін, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде
22 шiлде, 19:06
Алматы: Өндірістік ауданда тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасып келеді
22 шiлде, 15:09
Қазақстан – Еуроодақ: Экономикалық дипломатияға басымдық
16 шiлде, 15:27
Ержан Жаров: Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – жаңа заңның басты мақсаты