
Биылғы Оскардың төріне «Ай сәулесі» фильмі шықты. Бұл – біздің ортақ адамзаттық трагедиямыз. Жеткен аялдамамыз. Ортақ мәселеміз. Дертіміз. Жасөспірім буынның келбеті. Экрандағы бейнесі. Фильм Майами қаласында тұратын қара нәсілді гейдің өмірі туралы. Осы тұста отандық кинематографымыз орта ғасырлық тақырыптағы дүниелер түсірсе де, тазалығынан әлі де ажырамаған күйі артығырақ па деп ойлайсың.
Құбылысқа айналдырып қажет емес. Табиғатынан ажырағанды. Қарсы шыққанды. Құдайдың қарғысын арқалағанды. Мейлі қай деңгейдегі жан жарасы болса да. Пенденің. Қайғысы таусылған ба?!
Жыныстық мәселенің арғы саясаты түсінікті. Жатырға балта шабу. Жаратылыстағы тіршілікке жаңа жүйе енгізу. Жаңа деңгейлі сапаға өту. Адамзаттың тағдырын талқыға салу. Адастыру. Ауру деп түсіндірер. Мейлі. Ең мықты деген психолог анықтама берер. Мейлі. Бұл қалыпты қағидаларды бұзу. Табиғатыңа қарсы қою. Ең асқынған деген дерттің де пайда болу себебі бар. Мейлі. Оның себебін тылсым әлемнен ізде. Мүмкін қарғыс. Мүмкін тағдыр. Мүмкін қайғы. Бірақ кез келген сауалдың жауабы міндетті түрде бар. Біздің де өз заманымыздың мазмұнына жауап беретін уақытымыз бар. Экрандағы дүниелерімізге де.
Жалпы саясат барлық салада қажет. Ұстаным мен мақсат көп нәрсе шешеді. Мүддені біріктіру келешегімізге деген сенімділік үшін керек. Таңдаған бағытымыз жететін нәтижеміздің бағдаршамы.
Экран өнері әлдеқашан саясаттың сенімді құралына айналған. Оның күші алапат. Санаға ықпал жасаудың өтімді тәсілдері психологиялық тұрғыдан зерттеліп, жолдары айқындалған. Ақпарат жойқын соғыс ашуға қауқарлы. Санаға енгізілген жоспарлы бағдарлама уақыт өте өз нәтижеcін міндетті түрде береді. Бейсаналық деңгейде жүргізіліп жатқан күрес өз өміріміздің шындығынан қашып құтыла алмайтындай рухани есеңгіреудің күйіне жеткізді.
Біз тек кинодағы саясатпен ғана шектелсек. Сөзсіз, ғажайып өнер туындылары бар. Әлемдік кинода. Таңдай қағасың. Тамсанасың. Ләззат аласың. Соншалықты қарқынмен дамып кеткен. Бізден әлдеқайда алда. Біз қайдағы орта ғасырлық тақырыптың әңгімесін айтып жүргендей әсерде боласың. Әлемдегі озық ойлы туындылар жер шарының масштабты мәселелерін қозғайтын деңгейге кетіп қалған.
Тұнып тұрған саясат. Бейне бір адамзатты алдағы орын алатын заңды құбылыстарға психологиялық тұрғыдан дайындау. Сананы бейімдеу. Нақты сценарий бар. Оның ақырғы нүктесі де айқын. Себебі мақсатты саясатты жүргізіп отырған күштердің атқаруға тиісті міндеті бар. Жоғарғы миссия бәрінен маңызды. Осы жауапкершіліктің бір міндетін сөзсіз экран өнері көтеріп отыр.
Жер шарынның кино саласындағы жетістіктерін жыл сайын сараптайтын, тұжырым жасайтын байқаулардың бірі – «Оскар». Оскардың тарихында шын мәнінде, сұрыпталған нағыз өнер туындылары қатар түзген. Бейне бір әлемдік кинематографтың қаймағын сүзіп отырған алып аппарат іспетті. Жыл сайын жаңашылдық күтеді. Ойлау жүйесінде. Кино тілінде.
Саясат «Оскарды» да айналып өтпеген. Керісінше, әлем назары қайда, сол нысана тиімді. Жарнама да көп күш-жігер де қажет етпейді. Өнердің құдіреті сол, қан тамырыңның соғысымен ойнайды. Сезімдеріңді еріксіз қозғайды. Тереңдікке шеберлігің жетсе, оқиғадағы ессіз қадамдарды да ақтап алуға болады. Жанды жерінен соқсаң, жағымсыз кейіпкерді де үлгі етіп көрсетуге болады.
Күрес. Өзара жүрсе тиімді. Іштен. Ең бастысы, өзегін салып жіберсең болғаны. Өзгеге кінә арта алмайтындай. Өзге күштердің араласуынсыз өздерінің үнін өздері өшірген ең оңтайлы шешім. Бұл – саясат. Идея осы миссияны алып шығатын басты күш. Осы күшті өнердің табиғатымен үйлестірсе, алынбайтын қамал жоқ. Қан төгусіз-ақ.
Жаһандық дәуірде әр көрерменнің бір-ақ таңдауы бар. Арашалау. Өзіңді. Алып идеядан. Астарлы. Саясаттан. Құрбандықтан. Қалайда сақтап қалу. Адамшылдығыңды. Адамзатты сұрыптау үдерісі жүріп жатыр. Жан-жақты. Жігеріңді сынақтан өткізу. Жүйкеңді. Әлсіз болса сындыру. Ішкі дүниеңді тонау. Күресе алсаң, рухыңды сақтап қаласың. Тойтарыс бере алмасаң, азғындыққа жол ашасың. Азғындықтың артында өзіңді ғана жерлейсің. Арыңды. Барыңды. Бейне бір жан сақтаудың күйінде жүрміз. Дәл бүгінгі уақытта. Экрандағы ақпараттық соғыста.
Гүлзат КӨБЕК
кинотанушы,
өнертану
PhD докторы