
Бүгін Астанада өтіп жатқан Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында марқұмның анасы сөйледі.
Сәлима Ешанқұлова соттан әділ шешім шығаруды өтініп: «Егер жасалған әрекет бойынша заңда жауапкершілік көзделсе, кінәлі адам заң алдында жауап берсін. Ал егер сотталушы Сәуле Жұбаниязованың әрекетінде қылмыс құрамы болмаса, оны жауапкершіліктен босатуды сұраймын. Сәуле Жұбаниязова – жалғызбасты ана, оның екі баласы бар. Мен де анамын. Тағдырдың жазуымен қызымнан айырылдым. Бірақ оның балаларының анасынан айырылғанын қаламаймын. Сондықтан, құрметті сот, істі жан-жақты қарап, барлық жағдайды таразылап, әділ шешім шығаруыңызды сұраймын», — деді.
Ұлдана Мырзуанның экс-күйеуі Әділет Зейнел де өз сөзінде: «Біз ешкімді айыптап отырған жоқпыз, құрметті сот. Қандай да бір үкім біз жоғалтқан адамды қайтара алмайды. Ұлдананы қайтара алмаймыз, 8 қарашаға да қайта орала алмаймыз. Болған жағдайды ештеңе өзгерте алмайды. Сондықтан шешімді соттың қарауына қалдырамыз. Сіздер дұрыс шешім қабылдайды деп сенеміз. Бұл шешім үй салатын адамдар мен кәсіпкерлерге өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, оны сапалы атқарудың маңызын көрсетсе екен дейміз», — деді.
Ал прокурор жарыссөзде 2 жыл бас бостандығынан шектеуді сұрады.
JQ-Aqparat
Фото — Ulysmedia.kz